Адам ағзасының басты күші Жүрек десек, тұтас елдің негізі- мемлекеттік тілі. Рәмізбен қатар тұратын ұлт тілі, қашан да, жоғарғы мәртебеге ие болуы тиіс.
Осы орайда, Сайрам ауданында мемлекеттік тілді дамыту, қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан істер аз емес. Айталық мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарын қамтитын " Тілге құрмет - елге құрмет" атты бейнетүсірілім түсіріліп, "Elnur TV" телеарнасы арқылы тұрақты көрсетілімі ұйымдастырылған. Тележоба арқылы аудандағы талай жастың қазақ тіліне деген құрметі артқаны сөзсіз. Мамандардың мәліметінше аудандағы 70-тен аса көшелерге дәстүрлі, тарихи атаулар берілген.
Сонымен қатар, биылғы жылдың өзіндік ерекшелігі, тіліміз Мемлекет басшысының Жолдауында көзделген мақсаттарға сәйкес, әл- Фараби, Абай мұралары арқылы насихатталды. Әсіресе, "Абай 175 Сайрам ауданы" эстафеталық челленджі әлеуметтік желі қолданушыларының ерекше қызығушылығын оятты. Нәтижесінде, Абай шығармасын паш ететін 115 бейнетүсірілім ұйымдастырылып, халықтың назарына ұсынылған.
Эстафетаға жетпіске жуық этнос өкілдері, түрлі сала иелері қатысты. Жас ерекшелігіне шектеу болмады.
Сондай-ақ, Абай арқылы, ұлт тілдеріне құрметпен қарау, "Адамзатты сүю...", "Әрбіреудің тілін, өнерін білу" де насихатталды. Себебі, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор.