Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың ұсынысымен танымал режиссер Метин Гюнай елімізде Қасым хан туралы фильм түсірмек. Таяуда Метин бей Отырар ауданына ат басын бұрды. Фильмнің алғашқы кадрлары дәл осы киелі жерден бастау алады екен.
– Ата топырағымызға келгеніме қуаныштымын. Біздің тарихымыз ортақ. Үлкен іс жасауды жоспарлағандықтан шынайы, тарихи жерлерді қарастырудамыз. Тағы да үш мекен жоспарда бар, – деген түркиялық қонақ Отырар, Сауран жерлерін аралап шықты.
Гюнайдың айтуынша тарихи қалашықтар кино алаңына таптырмас орындар.
– Фильмнің сценарийін жазу барысында Қазақстандағы тарихи жерлер туралы да көп іздендім. Түркістан қазақтың хандары мен батырларының сүйегі жатқан жер. Отырартөбе мен Сауранның деректері мен тарихи іздері фильмде көрініс тапса деген ой туындады, – дейді ол.
Тамыры терең тарихымыз бен батырлар жолын тек Қазақстанға ғана емес дүниежүзіне танытуды көздеп отырған М.Гюнай үш жыл ішінде әр маусымда 25 сериалдан түсірмек. Туындының сценарий авторы да режиисердің өзі. Ауқымды жобаның түсірілім жұмыстарына Мәдениет және спорт министрлігі кеңінен қолдау танытуда. Осы мақсатта қазіргі таңда Отырар, Сауран, Сарайшық қалаларындағы тарихи орындарға реставрациялық жұмыстар жүргізілуде.
Қазақ Ордасының негізін салушы, қол бастауда да, ел басқаруда да ежелгі ата-дәстүрін меңгерген Қасым хан туралы 75 сериялы фильм белгілі сұлтан, даңқты бахадүрдің қайраткерлік жолын көрсетпек.