«Жас кәсіпкер» бағдарламасы талай жасқа қанат бітіріп, бизнесінің өркендеуіне жол ашуда. Бағдарламаға қатысып, тәуекелге бел буған жанның бірі Ұлан Айтымбетов Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында «Сапарбек» техникалық қызмет көрсету орталығын ашып, жұмыс жасауда.
Аталмыш бағдарлама бойынша несие алған Ұлан алғашқыда біреудің қолында жалданып жұмыс істеген. Алты жылға жуық төмен жалақыға тәуелді болған ол мемлекеттік бағдарламаға жүгініп, кәсіп ашуды ұйғарған. Қазір менің кәсібім – көліктердің майын ауыстыру. Бүгінде ауқымын кеңейтіп, аудандағы бірнеше мекемелермен келісім-шарт жасасып та қойдым. Үш адамды жұмыспен қамтып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отырмын. Жұмыссыз жастарды жеке кәсіп ашуға, еңбек етуден қорықпауға шақырамын», – дейді жас кәсіпкер.
Ұлан жоғарыда аталған бағдарлама бойынша жылдық мөлшерлемесі 7 пайызбен 60 айға 2 миллион теңге мөлшерінде несие алыпты.
Жалпы, биыл Түркістан облысында индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылыпты. Осы жобалардың нәтижесінде 1500-ден астам жұмыс орны құрылып, өнеркәсіп өнімі мен қызмет көрсету көлемі 920 миллиард теңгеге жетіп отыр.