Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында Сарыағаш ауданында «Ұлы даланың жеті қыры» «Қазақтану» жобасы шеңберінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттауға арналған республикалық лекторий өтті. «Арыстанбаб» колледжінде өткен жиынға этномәдени бірлестіктердің мүшелері, Қоғамдық келісім кеңесі және Аналар кеңестерінің өкілдері, Ардагерлер кеңесі, АІІБ қызметкерлері, ҚХА жастар қанаты, білім ордасының оқытушылары мен студенттері қатысты.
«Қазақстандағы тұрақтылық мемлекет құрушы ұлтқа, яғни, қазаққа тікелей байланысты. Өйткені, бүгінде басқа ұлттар қазақты терең танып, тілін білсе, қазақ дүниетанымын, тарихын оқып білетін болса, ол елдегі халықтарды біріктіреді. Біздің қоғамымыздағы қарама-қайшылықтың көбісі ең бірінші қазақ тілі мен тарихын, қазақтың мінезі мен сана-сезімін, мәдениетін білмегендіктен туындап жатады. Шын мәнінде біз мемлекет құрушы ұлт, халықтың көпшілігі болғандықтан, ұлтымыздың асылын жұртқа таныту қазақтар үшін өте маңызды болуы керек. Сондықтан, бұл «Қазақтану» жобасы – өзге ұлт өкілдері мен қазақтың арасын жақындату, бір ұлтты кеңірек тану тақырыбындағы көлемді жұмыс. Әрине, Қазақстандағы этностар мен қазақтар өзара танысып, бір-бірінің тарихта жүріп өткен жолына қанығып, татулық пен бірлікте өмір сүрсе, елде үнемі тұрақтылық болмақ. Бір-бірін тану, түсінуге ұмтылудың өзі халықтарды жақындастырады. Қазақтың ұлттық құндылығын, дәстүрін насихаттау, қазақтың киелі жерлері арқылы қазақты тануға қызығушылық тудыру – қазақтану жобасының негізі. Сондықтан да біз осы жобаны толықтай қолдап отырмыз. Бұл жобаның мақсатына қазақтың болмысы мен дәстүрін елімізде тұрып жатқан түрлі этностар мен кейбір қазақтардың өздеріне таныстыру да енген. Себебі қазір кей қазақтың өзі салт-дәстүрді біле бермейді, бір салтты әр аймақта түрліше ұстанатынын да көріп жүрміз. Ал «Қазақтану» – тал бесіктен жер бесікке дейін орындалатын дәстүрлерімізді, қазақы тәрбиені насихаттаудың, күнделікті тұрмыста атқарып жүрген салт-жоралғының бірізділігін табудың жолы, тетігі ғой»,- дейді ұйымдастырушылар.
Шара барысында жастар көкейдегі сұрақтарын қойып, тұщымды пікірлерге қанықты.