Шардара ауданында «Адами капиталды дамытудың көзі ретінде қазақстандық білім беру мазмұнын жаңарту» тақырыбында тамыз конференциясы өтті.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мен аудандық мәслихаттың хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Ғалия Жанаева және басқалар ең алдымен аудан мектептерінің көрмесін аралады. Мектеп директорлары компьютер арқылы өзі басқаратын білім мекемесінің үлгерімі, жетістігі мен бүгінгі тыныс-тіршілігін қонақтарға таныстырып шықты. Сонымен бірге, М.Горький, А.Әлімбетов, Шардара мектептерінде іске қосылған робототехника сыныптарының оқушылары автомат арқылы өздері құрастырған ойыншықтарды жұмыс істетіп көрсетіп берді. Тамыз кеңесін әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев ашып, жүргізіп отырды. Залға жиналған ұстаздар алдында аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиева есепті баяндама жасап, өткен оқу жылындағы жетістіктерді атап өтті.
Тамыз кеңесіне жиналған ұстаздарды құттықтаған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай: «Мұғалім мәртебесін көтеру, жұмыс істеуіне, шығармашылығына, үздік мұғалімдердің тәжірибелерін жинақтап, таратуға, оларды ынталандыруға қолдау көрсету – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұстаздардың биылғы тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы қызметкерлерімен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы тұрған міндеттерді нақтылап берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде қазақстандықтар балаларына экологиялық сана-сезімді, тұрмыстық тазалықты, гигиенаны сақтауды сіңіруді, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын ұқтыру керектігін жеткізді. Білім беру – қоғамның алға жылжуын қамтамасыз етеді. Сондықтан бүгін біз өткен оқу жылында жіберген кемшіліктерімізді талдап,жаңа оқу жылындағы міндеттерімізді айқындап, нақты пікір, ұсыныстарыңызды бүгінгі кеңесте ортаға саламыз», - деп өз ойын білдірді. Аудан басшысы мұнан соң білім саласында жемісті қызмет атқарып жүрген ұстаздарға облыс әкімінің және аудан әкімінің «Алғыс хаттарын» табыс етті.