Халық күнделікті тұтынатын азық-түлікті кәсіп көзіне айналдырғандардың ісі өнімді болмақ. Әсіресе бұл нан болса. Түркістан қаласында ас атасы нан жауып, бизнесін өркендетіп отырған кәсіпкер бар. Насиба Атаева басқаратын «Яссы нан» цехы бүгінде Түркістан қаласын ғана емес, сонымен қатар Кентау, Шәуілдір, Иқан, Атабай, Шорнақ, Шобанақ елді мекендерін түрлі нанмен, тортпен, тәтті нан-тоқаш өнімдерімен, шұжық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. 3 цехта 10 инженерлік-техникалық жұмысшы, жалпы 120 адам жұмыс істейді. Дәмі тіл үйіретін тәттілердің де атаулары сан алуан. Мәселен «Фруктовый», «Киевский», «Маковый», «Шоколадты», «Бал қосылған», «Грильяж», «Дуэт», «Даниэла» т.б.
«Поляк-германиялық технологиямен жабдықталған цехымызда қазіргі уақытта өз ісін меңгерген, «он саусағынан бал тамған» кондитер мамандар 12 сағат жұмыс ауысымымен еңбек етеді. Олардың әрқайсысының өз атқаратын жұмыстары бар, яғни қамыр дайындау процестерін бақылау, крем дайындау, тәттілердің арасына салма әзірлеу, т.б. Айлықтары – 60 мың теңге. Мұнымен қатар 500-600 адамға арналған той-жиындарға тапсырыс қабылдаймыз», дейді цех басшысы, технолог Н.Атаева.
Насиба өңірде кәсіпкерлігімен ғана емес атымтай жомарттығымен де танымал. Ол жағдайы төмен отбасыларға, медреселерге жиі нан тарқатып отыруды азаматтық парызы деп есептейді.