Шардара аудандық орталық ауруханасында 65 жастан асқан тұрғындарға арналған Ашық есік күні өтті. Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – халық денсаулығын жақсарту, аурудың алдын алу, әлеуметтік маңызы бар қант диабеті, артериальды гипертония, туберкулез, көзге көрінетін онкологиялық сырқаттарды ерте анықтау. Сонымен қатар, азаматтардың қосымша шағымы бойынша бейінді мамандардың кеңестері берілді.
Келген тұрғындар терапевт, кардиолог, уролог, дерматолог, эндокринолог, хирург, гинеколог сияқты білікті мамандардан тегін кеңес алды. Сонымен қатар, ерлер мен әйелдер кабинеті, УДЗ, ЭКГ, лаборатория, рентген, маммография кабинеттері қызмет көрсетті.
Ашық есік күнінде салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері, психолог, әлеуметтік қызметкер мамандары тұрғындар арасында «Дұрыс тамақтану», «Кезексіз емхана», «Даму мед мобильді бағдарламасы», «Салауатты өмір сүру» және тағы басқа да тақырыптар бойынша үнпарақшалар, буклеттер тарқатып, санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізді.