Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының ұйымдастырумен Түлкібас ауданындағы «Ақшатыр» демалыс аймағында медицина қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтті. Салтанатты шарада жүзге жуық ақ халатты абзал жан түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.
Ауыр да азапты жұмыста шыдамдылық танытатын қиын кәсіп иелеріне ең жақсы сөздер айтылды. Оларды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев құттықтап, ауруханаға тек тексерілуге келейік деген тілегін жеткізді. Ол бірқатар медицина мамандарына Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысындағы Үздіктер конкурсының жеңімпаздарын марапаттады. Атап айтқанда, Түлкібас аудандық орталық ауруханасының емхана бөлімі бойынша бас дәрігердің орынбасары Жансұлу Ақылбаева – Үздік терапевт, Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Жанболаты Ділдәбеков – Үздік хирург, Жетісай аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімі меңгерушісі Айнагүл Әміреева – Үздік акушер гинеколог, Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының бас маманы Нұрхан Нарымбетова – Үздік педиатр, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының маманы Гүлнар Әлтенова – Үздік функционалдық диагностика дәрігері, №3 облыстық перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі Клара Шакирова – Үздік зертхана дәрігері, Бәйдібек ауданы «Боралдай» дәрігерлік емханасының аға дәрігері Есбол Балқыбеков Үздік ауыл дәрігері деп танылды. Ал, Нұргали Молдаханов басқаратын Шардара аудандық орталық аурухана – Үздік аурухана, Жанар Оспанова жетекшілік жасайтын Түркістан қалалық емханасы Үздік емхана деп мойындалды.
Жолдымұрат Аманбаев өз ісінің білгірі деп танылған дәрігер, мейіргерлерді жеңістерімен құттықтап, кәсіп иелерінің бір сәт демалуы үшін облыс әкімі атынан шипажайға берілген 100 жолдаманы табыс етті.
– Ана өлімі биыл 35 пайызға, нәрестелер өлімі 10,5 пайызға төмендеді. Басқа да көрсеткіштер жаман емес. Соңғы 5-6 жылда салынбаған көлемді 5 емхана мен 20 медициналық корпус жыл соңына дейін табысталады. Перинаталдық орталыққа арнап салынған қосымша ғимарат екі айдың көлемінде тапсырылады. Жақында облыс әкімінің қолдауымен 1 миллиардқа жуық қосымша қаржы бөлінді. Оған облыстағы емдеу мекемелерінің жеделсатыларын жаңартып, жедел жәрдем автокөліктерін аламыз. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар орнатылады. Облыс әкімінің қолдауымен жақында жеке инвесторлар Түркістан қаласында облыстық көпбейінді аурухана құрылысын бастайды, – деді облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.
Бұл күні өз ісінің шеберлеріне сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері тағылды.