Жетісай және Шардара аудандарының ортасында суда қалған ескі Асықата кесенесінің маңында ортағасырлық тағы бір қала болған болуы мүмкін. Бұл жайында 50 жылға жуық су астында жатқан бұрынғы Асықата қорымына барған мамандар мәлім етті деп хабарлайды Жетісай жастар Ресурстық орталығы.
Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков бастаған арнайы топ құрамында Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздықов пен «Сырдария» университетінің ұстазы, тарихшы-археолог Амангелді Тұрманов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Мұхтар Бейсенбаев пен «Сырдария» университетінің тарих факультетінде білім алатын белсенді жастар болды.
Мамандардың айтуынша Шардара су қоймасына тиесілі бұл аймақ бұған дейін зерттелмеген. Қараша айынан бастап тамыз айына дейін судың астында қалатын байырғы Асықата қорымының орынынан табылған адамдардың сүйегі мен тарихи құндылығы бар қыш құмыралар Х-ХІІІ ғасырларға тиесілі.
Тарихшы-археолог Амангелді Тұрмановтың болжамы бойынша мұнда жерленген азаматтардың басым бөлігі 30 жасқа дейінгі ер азаматтар болған.
«Қорымға жақын маңда қаланың болуы заңдылық. Өйткені, бұл жерден өркениеттің болғанын дәлелдейтін Х-ХІІІ ғасырларға тиесілі қыш құмыралар табылып жатыр. Егер шынымен де жақын маңда қала болған болса ол қала Шыңғысханның жорығында шабуылынан қираған болуы да мүмкін. Бұл – болжам. Нақты дәлел болуы үшін біз арнайы мамандармен археологиялық зерттеу жүргізетін боламыз» дейді археолог Амангелді Тұрманов.
Ал, ауданның бас имамы Бекзат Сыздықов тастарға қашалып жазылған арап әріптерінің қандай мағына беретінін оқып, талдап берді. Бас имамның сөздері бұл қорымның мұсылманға тиесілі екенін тағы бір дәлелдегендей. Себебі, белгі тастың бәрінде Алланың жалғыз екендігін мойындап, Пайғамбар Мұхаммед с.ғ.с салауат айтылған.
Аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жанұзақұлының басшылығымен бұл аймақ бүгінде аяқ асты болмауы үшін қоршауға алынған. Апта соңына қарай тиісті мамандармен біргелікте еріктілер тобы жер бетіне шығып қалған сүйектерді діни жөн-жоралғылармен жинастырып, қайта көметін болады.