Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың туылғанына 125 жыл. Мерейлі датаға орай Мақтаарал ауданында мемлекеттік мекемелер арасында "Спорт бізді біріктіреді" атты кіші футболдан турнир өтті.
Республикалық "Алпамыс батыр" қоғамдық қорының демеушілігімен, "Мақтаарал" футбол клубының бастамасымен және "Бекет" газеті редакциясының ұйымдастыруымен өткен спорттық шараға Мақтаарал және Жетісай аудандарының әкімдіктері мен ішкі істер бөлімінен және басқа да мекемелерден құралған 8 команда қатысып, жеңімпаздар анықталды.
Ойынның қорытындысы бойынша "Мақтаарал" футбол клубының ардагерлер командасы ІІІ орынды иеленсе, ІІ орынды Мақтаарал ауданының ішкі істер бөлімі жеңіп алды. Ал, турнирдің жүлделі І орнын Жетісай ауданы әкімдігінің құрама командасы иеленді. Сонымен қатар, жекелеген ойыншылар мен төрешілер түрлі номинациялар бойынша марапатталып, жеңімпаздар мен үздік ойын көрсеткендерге сый-сияпаттар табысталды.
Іс-шара барысында Мақтаарал ауданының құрметті азаматы Қасымбек Хаметов, "Нұр Отан" партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауов, Атакент ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Аязбек Егембердиев, Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы Біржан Райымбеков "С.Қожановтың 125 жылдығы" мерекелік төсбелгісімен марапатталды