Отырар ауданының прокуроры Кәукен Нәрікбаев ауыл округтерін аралап, жергілікті жұртшылықпен кездесу ұйымдастыруда. Таяуда ол аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұловпен бірге Қарғалы, Темір, Ақтөбе, Шілік ауыл округтерінің халқымен кездесу өткізді.
Жиындарға жергілікті ауыл әкімдері мен мәслихат депутаттары, учаскелік полиция инпекторлары да қатысты. Мұндағы негізінен жергілікті халық тарапынан көтерілген басты мәселелер жол, ауыз су, жайылымдық жерлерді пайдалануды реттеу. Сондай-ақ, ауылдарда байланыс сапасын жақсарту, қылмыстық құқықбұзушылықтың, сонымен қатар мал ұрлығының алдын алу жайында сөз қозғалды.
Жиын барысында ауыл тұрғындары тарапынан айтылған мәселелерге нақты әрі тұщымды жауаптар берілді. Бұдан былай да әлі шешімін таппаған мәселелер басты назарда болатынын айта келіп, аудан прокуроры жергілікті ауыл әкімдіктерінің басшылары мен учаскелік полицейлерге атқарылатын жұмыстар жөнінде кеңінен тоқталды.
Сонымен бірге өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары П.Жаппарқұлов осы атқарылып жатқан жұмыстар барысы аудан әкімдігінің тікелей бақылауында болатынын баса айтты. Және жергілікті ауыл тұрғындарын да бірлесе жұмыс істеуге шақырды.