Түркістанда өткен «Музейге сый» акциясында тұрғындардан 40-қа тарта жәдігер тарту етілді

Screenshot_11.jpg

Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи–мәдени қорық–музейінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Музейге сый» акциясы өтті. Шара аясында жергілікті тұрғындар мен қонақтардан қорық-музей қорына 40-қа жуық археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық жәдігерлер табысталды.

Жәдігерлердің қатарында жаңа тас дәуіріне тән жебенің ұшы (шамамен б.з.д. 5-3 мыңжылдықтар), жазба ескерткіштер мен құмыра және түрлі қыш бұйымдар бар. Сондай-ақ, Үкаша ата кесенесін қайта жаңарту үшін көп еңбек сіңірген Атажан молда мен Кәміл қарының киген киімдері, жайнамаздары, қолданған тұрмыстық заттары, түркістандық қолөнер шеберлерінің тоқыма кілемдері мен сырмақтары сынды көптеген көне жәдігерлер тарту етілді. Аталған іс-шараға Қазақстаннан ғана емес Түркия, Өзбекстан Республикалары да атсалысып, құнды жәдігерлер табыстауды дәстүрге айналдырған. 

Айта кетейік, «Музейге сый» акциясы «Әзірет Сұлтан» қорық музейінде жыл сайын өткізіліп келе жатқан ауқымды іс-шаралардың бірі саналады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраларымызды кеңінен насихаттауға арналған тың жобалар ұсынғаны белгілі. Музейге сый жасау үрдісі атақты Әмір Темірден бастау алса, көне мұраларды жинақтап, сақтау, қорғауда белгілі этнограф-ғалым, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің де еңбегі зор саналады. Сондай-ақ, ұлағатты ұстаз Адасқан Алтаев, Қазақ ССР халық суретшісі Сахи Романов, Ахмадулла Исаев, Аман Абдуллаев, А.Хамракулов сынды музей жанашырларын да атап өтпеу мүмкін емес. 

«Технологияның қарыштап дамыған заманында көне заттардың күнделікті тұрмысқа қажетсіз болғанымен, халқымыздың өткен өмірі мен тарихын зерттеуде, болашақ ұрпақтың өз тарихы мен болмысын тануда маңызы зор. Қырық бір жыл бұрын 300-дей ғана жәдігері бар «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде қазіргі күні 24 481 данасы мемлекеттік тіркеуге алынды. Бүгінгі шараға да өз үлесін қосуға келген барша музей жанашырларына алғысымды білдіремін»,- деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Қадырұлы.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Арыстан ұстаз - шағалалы Шардарада
  • Әйгілі имам жастарды имандылыққа шақырды
  • Киелі шаһарда мейрамхана бизнесі өркендеп келеді
  • Түркістан мейрамханаларының жұмысы қарқынды
  • Түркістанда ұлттық тағамдар орталығының жұмысы қарқынды