Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мәліметтеріне сенсек, биыл халықтың 18,8 пайызы Құдайға сенбейтінін көрсетіп отыр. Бұған қарап Құдайға деген сенім азайып келеді деп болжам жасауға бола ма? Осы сауалды алдымызға көлденең тартып көрдік, деп жазды "Халық" газеті
Қазір бәріміз дін десе «бірдеңе деп» қалуға бейімбіз. Өйткені, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазақтың бөлінбес бөлшегіне айналған ата дінімізге деген көзқарасты түрлі бетперде киген ұйымдар өзгерте бастады. Қылышынан қан тамған Кеңес одағы да өзгерте алмаған көңілді қой терісін жамылған қасқырдай боп келген жат ағымдар жаулай бастады. Бірақ, бәрібір дінге сусындаған халқымыздың ата жолынан адасып жатқанына сенгің келмейді.
Ескеретін жайт, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Ата Заңымызда айшықталғандықтан, әр азамат қандай көзқарас, наным не сенім ұстанамын десе де өз еркі. Конституцияда көрсетілген ар мен ұждан бостандығы талаптарына сәйкес, адамды сеніміне және көзқарасына байланысты қудалауға тыйым салынады.
Зерттеуге сенсек, қазақстандықтардың 75 пайыздан астамы Құдайға
сенеді. Бұл халықтың дені бес уақыт намазға жығылмаса да, арнайы діни
бірлестіктердің құрамына кірмесе де, аузында «Алласы» бар дегенге саяды.
Ал Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының
директоры Айнұр Әбдірасылқызының пікірінше, кейбір адамдар кедергіге
жолықпау үшін Құдайға сенбейтіндей кейіп танытуы мүмкін екен.
Қалай болған күнде де атеистік көзқарастың көбейіп, қоғамда белең ала бастағанын дәлелдейтін ашық пікірлер ара-тұра бой көрсетіп қалатыны рас. Экс-депутат Жұматай Әлиев те кезінде оқу орындарында, мектептерде дінтанумен қатар атеизмді оқыту туралы ұсыныс айтса, 2017 жылы атеистердің құқығын қорғайтын заң әзірленіп, ол құжат Парламент қабырғасында қалып қойған болатын.
Facebook, Vkontakte әлеуметтік желілерінде де «Қазақстан атеистер қауымдастығы» тобы бар. Оның көптеген мүшелері сурет, бейнебаяндар салып, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Сауалнамалар жүргізеді.
Қалай болған күнде де Құдай жоқ, о дүние деген өтірік, өлгеннен соң бәрі аяқталады деп ойлайтындар баршылық. Бұл көзқарас біздің елімізде ғана емес, әлемде таралып бара жатыр. Кей елдерде, тіпті, өзінің атеист екенін жария ету сәнге айналған.
Ал ғалымдар үнемі адамдардың дінге ден қоятын себебін дін адамның көңілін жайландырып, оны берік ұстанған адамдарда қауіпсіздік сезімі күшті болатынын айтады. Міне, сондықтан көбіне экономикалық, саяси мәселелері аз елдердің тұрғындары Құдайдан бас тартып жатыр. Сондай-ақ, зерттеушілер қоғамда капиталистік жүйенің орнауы, технология мен білімнің дамуы да адамдардың діншілдігінің төмендеуіне апарып соғатынын айтып отыр.
Мәселен, осыдан бір ғасыр бұрын ғана діннің алатын орны ерекше болған Жапония, Ұлыбритания, Канада, Чехия, Германия, Франция бастаған бірнеше елдерде қазір Құдайға сенетіндердің қатары сиреген. Ең таңғаларлығы, бұл елдерде қазір білім беру ісі жақсы жолға қойылған, халқының тұрмыс деңгейі жоғары. Бұдан шығатын қорытынды – халықтар кедейшілік деңгейінен биік тұр және тірліктің қиындығынан қорқатын жағдайда емес.
Бұған қарап Қазақстанның да қауіпсіздігі күшейіп, халқының тұрмыс-тіршілігі артып келеді деп айтуға толық негіз бар ма? Оған отандық сарапшылардың да айтар уәжі бар.
«Мемлекетімізде іштей атеизмнің әлі тұғыры берік. Сырттан таңылып жатқан пікірлерді қолдап, қостап «Мешіттер тым көбейіп кетті, қалаларда діни рәміздер басым, бұл зайырлы мемлекетке сәйкес емес» деушілер бар. Осылай мемлекетіміз клерикалданып немесе дінге бойұсынып барады деп те айтушылар бар. Елін, рухани дәстүрін сыйлатын зайырлы мемлекеттерде жұрт мұндай сөздерді ашық айтуға бармайды. Ал түбінде адам баласы жан жарасына емді діннен де іздейтіні анық. Зайырлы мемлекет – атеистік ел емес. Мемлекет азаматтарды мейірімділікке, патриотизмге, сабырлылыққа уағыздайтын діннің қолдауына мұқтаж», - дейді профессор Аманкелді Айталы.
Дін мәселесін зерттеуші ғалымдардың пікірінше, біз ежелгі танымымыздан Құдайға сенген, жүрегімізден орын берген ұлтпыз. Жалпы, басына қасірет түскен адам баласы жұбаныш қылатын бір нәрсенің болғанын қалайды. Сондықтан Құдайға сенетіндердің қарасы бәрібір азаймайды.
«Бұл зерттеу деректеріне өз басым үлкен күмәнмен қараймын. Неге? Біріншіден, бұл 18 пайыз – Қазақстан үшін өте үлкен көрсеткіш. Салыстырмалы түрде бұл дамыған Батыс елдерінің деңгейімен сәйкес келеді. Бүгінгі таңда Италия, АҚШ, Канада немесе Австралия сияқты мемлекеттердің көрсеткіші 16-17 пайызға жетіп отыр. Өз кезегінде Қазақстан сияқты дамушы елдерге атеизмнің бұл деңгейі сәйкес келіңкіремейді. Бұл санның өзі сұрақ туғызады. Ал негізі дінге деген жалпы көзқарас өзгеріп келеді. Ең алдымен, дінге деген қызығушылық өсіп келеді. Бұл жастар тарапынан орын алып отыр. Ораза ұстайтын адамдар да көп. Ал енді интеллигенцияның арасында дінге деген көзқарас, қызығушылық төмендеуі мүмкін. Әсіресе, техникалық интеллигенция деген ұғым бар. Барынша ғылыми сипаттағы дүниетаным. Ол да дамып келеді. Дәл қазір осы екі тенденцияны байқап отырмыз. Бәрібір, қазақстандықтар, қазақ тілді азаматтар үшін діннің рөлі биік. Ал атеист деген ұғымның өзі екі бөліктен тұрады. Агностиктер мен атеистер. Агностик те Құдайға сенбейді, бірақ, ол атеист емес. Ал атеист ол Құдайға сенбейді. Бұл жерде өте ұқыпты методологияны ұстану керек. Бұл ақпарат, статистика ары қарай талдауды қажет етеді. Бұл мәлімет бізге сәйкес келмейді. Агностиктер мен атеистерді бөліп қарастыру керек. Сондықтан осындай сұрақтар туындайды», - дейді Елбасы – Тұңғыш Президент қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы Жұмабек Сарабеков.
«Адам баласының басына қайғы-қасірет түспесін. Егер ол орын алса, адам оның да бір мағынасы бар екенін түсінеді. Ең шындығы, басына ауыртпалық түскен адам ол қайғының мағынасын басқадан емес, діннен табады. Бұл – біздің генімізде бар ақпарат. Әлімсақтан Құдайды таныған елміз. Сондықтан өзін атеистпін, агностикпін деп танып жүрген әрбір адамның жадында, өзінің бейсана әлемінде Құдай бар», - дейді діни сарапшы Асылбек Снядин.
Міне, ғалымдар жағы психологиялық, тарихи, мәдени және тұрмысқа
байланысты себептерді ескере отырып, діннің жойылатынына бәрібір
сенбейді. Ол мейлі қорқыныш, мейлі қайырымдылық, мейлі сенім боп оралса
да, дін адам санасынан алыстамайды.
Караван жаңалықтары - https://kaz.caravan.kz/zhangalyqtar/