Түркістандағы мемориалды мұражайлар Голливудтық Даңқ аллеясына ұқсайды

0d0150f8dcec6acd2307dbe49b9e48fa.jpg

Елімізге келетін туристердің, жиһанкездердің айтуынша Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтау және қаншама мың жылдық тарихы бар Түркістан қаласы Қазақстандағы ең керемет туристік қалалар қатарына жатады. Қазір Түркістан алып құрылыстың орталығына айналды. Мұнда шығыстық үлгідегі ғажайып ғимараттар салынып жатыр. Алдағы жылдары киелі шаһар сауда-саттығы қайнаған, тарихи-мәдени орындарына саяхатшылары ағылған нағыз туризм орталығына айналмақ.    

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның тарихи маңызы сауда-саттықтың ауқымынан кеңірек. Руханият пен ғылымның қойнауын қазынаға толтырған алыптардың Атажұрты да. Өзбекстанның Самарқанд, Бұқара секілді қалаларына  барған туристер Әбу Райхан әл Бируни, Ибн Сина секілді ғұламалардың шығармашылығы мен ғылыми еңбегіне таңдай қағып, ала тақиялы ағайынның тарихи интелектіне «5»  қойып кетеді.  Түркістанның құндақтаған перзенттерінің ел тарихында құны жоғары болғаны дау тудырмайды. Абай «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» десе, Жиренше шешен «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Жасындай жарқырап, құйрықты жұлдыздай ағып түскен тұлғалардың тағлымды тағдыры мұражайда көрініс табады. Түркістан қаласының аумағында С.Ерубаев, Н.Төреқұлов, Н.Оңдасынов, Р.Сейтметов секілді тау тұлғалардың мемориалды музейі орналасқан. Қалаға қадам басқан туристердің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының аймағына қызығушылығы басым.

Түркістанда орналасқан мемориалды мұражайларды Голливуд Даңқ аллеясына ұқсатуға болады. Себебі,  АҚШ-тың Лос Анжелес қаласындағы Голливуд ауданында орналасқан  нысанда өнер және ойын-сауық саласы  дамуына үлес қосып жүрген актерлер мен актрисалар, музыканттар, продюсерлер, театр мен музыка ұжымының директорлары, тіпті ойдан шығарылған кейіпкерлердің жұлдызы қойылған. Тротуарларда жезден жасалған 2500-ге  жуық жұлдыз бар. Даңқ аллеясын Голливуд сауда палатасы басқарады, «Hollywood Historic Trust» оны қаржыландырады. NPO/Plog зерттеуі бойынша «Даңқ аллеясына» жыл сайын 10 миллионға жуық турист келеді екен. 

Өткен жылы өңірге 1,5 млн-ға жуық саяхатшы мен зияратшы келіпті. Ал туристік индустрияны дамытудың тұжырымдамасына сәйкес, 2025 жылы Түркістан өңіріне 5 миллионға жуық турист келеді деп жоспарланып отыр. Мәдени туризмде ойып орын алатын мұражай ісі Түркістанда толығымен жолға қойылған.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Арыстан ұстаз - шағалалы Шардарада
  • Әйгілі имам жастарды имандылыққа шақырды
  • Киелі шаһарда мейрамхана бизнесі өркендеп келеді
  • Түркістан мейрамханаларының жұмысы қарқынды
  • Түркістанда ұлттық тағамдар орталығының жұмысы қарқынды