Күннен-күнге көркейіп келе жатқан Түркістан көңіл сүйсінтеді. Шаһарда мәдени орындар көбейіп, ескілері қайта жөндеуден өтуде. Мәдени нысандар қаланың ажарын аша түсетіні баршаға белгілі. Көрікті қалада тұрғындардың да көңіл-күйі көтеріңкі болып, шетелден келетін қонақтар жағымды әсер қалдарытыны анық.
Қала әкімі Рашид Аюпов қызметке тағайындала сала өз жұмысын қауіпсіздік пен тазаллықтан бастаған болатын. Ең бірінші жергілікті тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінуі керек. Тұрғындардың өміріне ешқандай қауіп-қатер жоқ және айналасы мұнтаздай қалада ғана туризм қарыштап дамымақ. Себебі, туристер мұнда алаңсыз демалуға, эстетикалық ләззат алуға келеді. Қауіпсіз әрі таза қала - олардың сенімін оятып, бойларында жағымды әсер қалдырады.
Осыны ескере отырып, шілде айының басында Рашид Абатұлы қаладағы құрылыс нысандарын аралағанда жаңашыл кейіппен әрленіп жатқан аллея жұмысымен де танысып, салынатын бірқатар гүлзарлар мен қайта жаңғыртылатын скверлердің құрылысын көріп, көгалдандыру жұмысына барынша басымдық беруді нақтылап өтті. Жалпы жұмыстардың дайындығын көріп, аумақта орналасқан тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін қауіпсіздік шараларын ескеруді де тапсырды.
Арада
бір апта өткесін «Бекзат» мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесу
барысында қала әкімі алдағы уақытта гүлдер саябағы, ғаламтор желісі
қосылған жастар саябағы және егде жастағы тұрғындар үшін шахмат,
тоғызқұмалақ сынды ойын ойнап, көңілдерін бір сәт сергітетін қарияларға
арналған саябақ салынатынын айтып өткен болатын. Нәтижесінде, қала ажары
ашылып көркейе түседі. Үлкен туризм осындай кішкентай істерден, тазалық
пен қауіпсіздікті сақтаудан басталады.