Жақында Түркістан облысында «Тарихы терең Түркістан» ақпараттық туры ұйымдастырылды. Құрамына тарихшылар, фотографтар, өлкетанушылар, БАҚ өкілдерін қосқан аталған тур Түркістан өңірінің тарихи-мәдени, киелі жерлерін насихаттауды басты мақсат етіп ұстанған. Бұның туризм саласын дамыту үшін маңызы өте зор екендігі айтпаса да белгілі. Бірінші күні Жылаған ата сарқырамасынан сапарларын бастаған тур мүшелері екінші күні «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің Түркістандағы нысандарына табан тіреді. Мұнда тур мүшелеріне гидтер қорық-музейге қарасты кесене, жұма мешіті, қылует жер асты мешіті секілді бірнеше нысан жөнінде мәліметтер берілді.
Тур
мүшелері кесене ішіндегі көптеген нысандар жөнінде толыққанды
ақпараттар алды. Хан десе көз алдыңызға тақ келері анық. Кесене ішінде
Үлкен Ақсарай және кіші Ақсарай бөлмелері бар. Олар XV-XVI ғасырларда
сарай бөлмелері ретінде қолданылған. Бұл жерде қазақ хандарының ордалары
орналасқан. Үлкен Ақсарайда шетел, өзге хандық елшілерін қабылдайтын
болған. Және де мұнда даланың ең беделді және танымал адамдары жиналған.
Үлкен Ақсарайда таққа жаңадан отырған хандар өз еліне әділ қызмет
етуге ант берген. Аталған бөлмеде әлі күнге дейін хан билігінің
символындай болып, асатаяқ пен тақ орны сақталған. Тақ орнын тамашалай
отырып, бұрынғы қазақ хандарының мысын сезгендей боласыз. Осы тақта
отырып, қоластындағыларға ел мен жер тағдырын шешетін бұйрықтар бергенін
елестетесіз. Аталған жәдігер шетелдік туристердің қызығушылығын оятқан.
Кесене гидтерінің айтуынша, олар тақ жөнінде көп мәлімет сұратады екен.
Туристер үшін тақ – экзотикалық жәдігер болып есептеледі. Тіпті, кей
туристер мұхит асып, осы тақты көру үшін келеді екен. Тақ олар үшін –
Орта Азия елдерінің символы іспеттес. Осыны ескерген музей әкімшілігі
Үлкен ақсарай бөлмесін назарда ұстап, ондағы заттардың бүлінуіне жол
бермейді.