Әйгілі дәрігер Пя Түлкібаста өзі білім алған мектепке келді

1559044924290215.jpg

Атақты кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, «Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталық» АҚ-ның басқарма төрағасы Пя Юрий Владимирович бүгін Түлкібас ауданының орталығындағы М.Ломоносов атындағы мектеп-гимназияға арнайы ат басын бұрып, өзі түлеп ұшқан білім ұясының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.  

Ол «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосқаны үшін» марапатталған. Ол 2012 жылы «Жыл патриоты», «Жыл дәрігері» атанды. Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын адам» ұлттық жүлдесінің, «Парасат», «Отан» ордендерінің, «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» медалдарының иегері. 2012 жылы 38 жастағы Орталық Азияда алғашқы рет 38 жастағы азаматшаға донор жүрегін трансплантациялау отасы сәтті өткен.  

Юрий Владимирович  Ломоносов мектебінің 1974 жылғы түлегі. Есімі елімізге ғана емес, шетелдіктерге де танымал білікті кардиохирург Пя Юрий Владимировичті аудан әкімінің орынбасары  М.Жанесен, аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Қадырбек, орталық аурухананың бас дәрігері Б.Тұрлыбеков, аталмыш мектеп-гимназияның директоры С.Оспанбеков, БАҚ өкілдері және басқа да азаматтар, ұстаздар мен оқушылар құрметпен күтіп алды. 

Мектеп басшысы құрметті қонақты робототехника жасаумен айналысып жүрген балалардың класына бастап кірді. Балғын шәкірттер бұл еңбектерінің қалай жасалғанын, қандай қызметтері барын айтты. Юрий Владимирович ғылымның жетістігі кең екенін айта келіп, балалардың талабының шыңдалуына тілектестігін білдірді. 

Мектептің акт залында  ұстаздар, оқушылар халықаралық деңгейдегі кардиохируг Ю.В.Пямен кездесу өтті. Аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен қат-қабат шаруаларының арасынан уақыт тауып, өзінің түлеп ұшқан ұясына арнайы келгені үшін Юрий Владимировичке аудан әкімінің атынан алғыс білдірді. Халықтың денсаулығын сақтауға қомақты үлес қосып жүргені үшін, соның ішінде кардиохирургия саласының қыр-сырын меңгеріп, жүрекке күрделі ота жасап, өлім аузындағы науқастардың  қайтадан өмір сүрулеріне себепші боп жүргені үшін   дәрігерге алғысын жеткізді. Кездесуде дәрігер:

-Мектеп заман талабына сай өзгерген. Оған қуаныштымын. Адамға көмектесе білу, жақсылық жасай алу – бақыт. Мәселе, атақ-даңқ, дәрежеде емес, адам қандай еңбек жасаса  да, адалдықпен, сүйіспеншілікпен атқарса, содан бақыт табады. Сол адамды өрге сүйрейді.  Талаптанған жан дегеніне жетеді. Өздеріңе сеніңдер, адамдарға, қоршаған орталарыңа сеніңдер, жақсылыққа жақын жүріңдер. Сен өзің өмір сүріп отырған қоғамның ажырамас бір бөлшегі екендеріңді ұмытпа. Отандарыңның патриоты болыңдар! , - деді Юрий Владимирович. 

Кездесу әсерлі өтті. Аудан әкімінің орынбасары мектептің құрметті түлегіне естелік үшін ауданымыздың 90 жылдығына арналып шығарылған «Түлкібас» кітабын тарту етті. Мектеп басшысы да қонаққа алғыс айтып, сый-сияпат жасап, құрметпен шығарып салды.   

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Арыстан ұстаз - шағалалы Шардарада
  • Әйгілі имам жастарды имандылыққа шақырды
  • Киелі шаһарда мейрамхана бизнесі өркендеп келеді
  • Түркістан мейрамханаларының жұмысы қарқынды
  • Түркістанда ұлттық тағамдар орталығының жұмысы қарқынды