Бұл өсу үрдісі 2016 жылдан бері жалғасып келеді және ел ішінде саяхаттау халық арасында кеңінен танымал болып келе жатқанын растайды.
«Ішкі туризм көрсеткіштерінің өсуін заңды деп санаймыз. Өйткені, біздің еліміз, оның ерекше табиғатын, қонақжайлылығын және әр өңірдің гастрономиялық, мәдени ерекшеліктерін ескерсек, туристерге сан алуан демалыс түрлерін ұсына алады», - деп санайды «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Өркен Бисақаев.
Ішкі туризмді одан әрі ынталандыру және ел ішінде өңірлердің туристік потенциалы туралы хабардар ету мақсатында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстанда ақпараттық турлар циклін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Биыл 20-30 мамыр аралығында Батыс Қазақстан 4 аймағының туроператорларынан құралған топтың қатысуымен алғашқы ақпараттық тур өткізу жоспарланған. Олар сапар барысында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларына, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының туристік орындарына барады.
«Алайда, ішкі туризмнің белсенді түрде өсуіне қарамастан, шет елдерге шығатын туристердің саны ішкі туристік ағыннан екі есе дерлік көп. Оның негізгі себептері – тиісті ұсыныс пен инфрақұрылымның жоқтығымен қоса, ақпараттың жетіспеушілігі. Мысалға, елдің батыс аймақтарының тұрғындары Қазақстанның шығысында, болмаса оңтүстігінде не бар екенін білмейді және керісінше. Сондықтан халыққа еліміздің туристік мүмкіндіктері жайлы ақпаратты тұрақты түрде бере отырып, оларды ел ішінде саяхаттауға ынталандыру керек. Әдетте, бұл жұмыстың алдынғы шебінде Қазақстан бойынша турларды жасақтап, жарнамалап, сататын отандық туристік компаниялар тұрады», - деді Өркен Бисақаев.
Өңірлердегі туристік және санаториялық-курорттық нысандарды қамтитын онкүндік ақпараттық тур, қазақстандық туристік компанияларды еліміздің аумағы бойынша туристік өнімдерді қалыптастырып, оларды халық арасында насихаттау үшін ынталандыруға бағытталған. Осы мақсаттар үшін, турбизнес өкілдерінің қатысуымен Бурабайда, Шымкентте, Алматыда және Өскеменде бірнеше b2b кездесулер өткізу жоспарланған.