Балаларды жарақаттан қалай қорғаймыз?

Terapiya-travm.jpg

 Өткен жылы елімізде «Қауіпсіз өмір!» ұлттық бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарлама аясында балалардың жарақаттануы жағдайларының алдын алуға денсаулық сақтау қызметкерлері барынша назар аударуда. Себебі, жарақаттан балалар мүгедектігі туындайды. Сондықтан бала жарақаттануы мен оның алдын алу тек медициналық қызметкерлерінің ғана емес, сонымен қатар қоғамның, педагогтардың, психологтардың, социологтардың, қала салушылардың және әрине ата-аналар мен балалардың өздерінің назар аударуы тиіс маңызды әлеуметтік мәселе.

 Бала жарақаттануы – бұл сыртқы әсерден пайда болған зақымдану. Балалар жарақаттануының себептері мен құрылымы баланың жасына, психикалық және физикалық дамуына байланысты өзгеріп отырады. 5-6 айлық сәбилер қолға ұстауға келетін кез келген затты ауыздарына салады. Тыныс жолдарына бөгде заттардың жиі түсуі, жұтып қоюы осыдан шығады.  Бір жастағы балаларға кереуеттен, диваннан, орындықтан құлау тән. Өйткені бұлар енді ғана жүріп үйренуді бастайтын кезеңі. 1-3 жаста қозғалыс сенімді бола бастайды, қимыл артады, соның салдарынан биіктен (терезе жақтауларынан, сатыдан) құлау мен күю жиі кездеседі.

 Мектепке дейінгі және кіші мектеп жасындағы балалар – көп уақытын аулада және көшеде өткізеді. Жаңа жарақаттардың түр-түрі осы кезде пайда болады. Шұқырға, кәрізге құлау, төбелес және жол-көлік жарақаттары.

  Балалар жарақаты, ересектер жарақатына қарағанда анағұрлым кең тараған. Бұл әсіресе каникулда жиілей түседі. Балалар жарақатының алдын алу жауапкершілігі әрине, ең алдымен ата-аналар мен мұғалімдерге түседі. Себебі, балалар қоршаған әлемді қызықтап, бәрін білгісі келіп тұрады. Алайда, оларда өмірлік тәжірибе әлі аз болғандықтан жағдайдың қауіптілігін әрқашан бағалай алмайды. Балалар жарақатын бес түрге бөлуге болады: бірінші тұрмыстық (үйде, аулада, балабақшада болатын жарақаттар); көшеде (бірінші кезекте көліктік, көлікпен байланысты еместер де); мектептегі; спорттық және ауылшаруашылық.

  Балалар жарақатын мүлде болдырмау мүмкін емес, жазатайым жағдайдан ешкім сақтана алмайды. Бірақ ата-аналардың міндеті – өз баласын барынша қауіптен сақтағаны жөн. Сәби «қауіпті» деген сөзді әлі білмейді және оған оны түсіндіруге болмайды. Кейде жарақатқа кінәлі ата-аналардың өзі болуы мүмкін. Жөнделмеген үй электр аспаптары, розеткалар, сөндірілмеген үтік, шашқа қыстыратын қыстырғыштар баланың зақымдануына себеп болуы мүмкін. Балалық әуестенгіштік туралы ұмытуға болмайды, шпилька немесе шегені розеткаға сұғып: «Ішінде не бар?» екенін білігісі келетін балалар қаншама?

   Бала есейген сайын, қауіпсіздік техникасының ережелерін түсіндіру қажет. Мектепте мұғалімдер бала үшін жауапты, бірақ ата-аналар  да өз баласына жол жүру және басқа қауіпсіздік ережелерін түсіндіруі тиіс.

Балалар жарақаты – маңызды мәселе, әрбір ата-ана балаларына дұрыс қараса және қауіпсіздік ережелеріне үйретсе, көптеген жарақаттардың алдын алуға болады.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Арыстан ұстаз - шағалалы Шардарада
  • Әйгілі имам жастарды имандылыққа шақырды
  • Киелі шаһарда мейрамхана бизнесі өркендеп келеді
  • Түркістан мейрамханаларының жұмысы қарқынды
  • Түркістанда ұлттық тағамдар орталығының жұмысы қарқынды