1980 жылы туған Өзбекстан азаматы жекеменшік автокөлігімен ешқандай рұқсат құжаттарынсыз 3200 дана әртүрлі киім-кешек пен 20 кг насыбай әкеле жатқан екен. Заңсыз жүк актіленіп «Тәжен» кеден бекетіне тапсырылды.
Сонымен қатар, Солтүстік шекарада Ресейге кетіп бара жатқан жүргіншілердің жеке көліктерінен аңшы мылтығының оқ-дәрілері мен арнайы қорғаныс құралдары табылды.
Мемлекеттік шекарадан өткен кезде қару-жарақ, оқ-дәрі және арнайы қорғаныс құралдарын алып өтуге болмайтындығын білмеген, немесе біле тұра естен шығарып алған азаматтар жиі опық жеп жатады. Кешелі-бүгінді Солтүстік шекарада (Қостанай. «Қайрақ-авто») бір азамат (ресейлік) газ тапаншасымен (оқ-дәрілерімен бірге), бір Қазақстан азаматы аңшы мылтығының оқ-дәрілерімен (Павлодар. «Найза авто»), Қостанай мен Семейдің «Аят-авто», «Үбе-авто» бөлімшелерінде 4 адам әртүрлі маркалы электрошокерлермен ұсталып, полиция бөлімдеріне тапсырылды.