Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын, жас ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне ерекше назар аудару қажет екендігін атап өткен болатын. Осы орайда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында қалада бұқаралық спортты дамыту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында тиімді іс-шаралар атқарылуда.
Қала әкімінің бастамасымен алғаш рет қала мектептері арасында футбол, волейбол, баскетбол, шахмат спорт түрлерінен «Шымкент жастар лигасы» өткізілді. Жастар лигасына 140 жалпы орта мектептің 536 командасы қатысты. Ойындарға 8569 оқушы қамтылды.
Сондай-ақ, Шымкент қаласында шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларында шұғылданушылардың санын арттыру үшін тиісті инфрақұрылымды және қосымша жұмыс орындарын көбейту мақсатында спорттық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру іске асырылуда.
Бүгінгі таңда қалада 4096 балаға 71 спорт түрінен тегін спорт секцияларын ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен (жан басына шаққандағы қаржыландыру) 339,8 млн теңге қаржы бағытталды. Бұл көрсеткіш 2021 жылы жалпы бос балалардың қосымша спорттық секциямен қамту үлесінің 5,3 %-ын құрайтын болады.
Айта кетейік, бүгінде қалада мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 спорт клубы жұмыс істейді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі