Қашықтан оқыту тағы бір жылға созылса, оны көтере алмай қалуымыз мүмкін. Өйткені онлайн формат бәрін шаршатқан. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогикалық кеңесте осындай қорқынышын айтты, деп хабарлайды КТК арнасы.
- Бізге коронавирусқа қарсы вакцинаны алып, түрлі біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, жазғы мектепті жоғары деңгейде өткізіп, еңбек демалысы кезінде жақсылап демалып алу керек. Мұның бәрі келесі оқу жылын бастауға негіз болады деп есептеймін. Мен алдағы білім беру жылында дәстүрлі форматқа ораламыз деген ойдамын. Өйткені бәрі шаршады. Келесі оқу жылы қашықтан оқу форматында болса, оқу процесінің тиімділігіне өте қатты әсер етеді, - дейді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе салдыру ерікті екенін атап өткен шенеунік әріптестерінің дұрыс шешім қабылдайтынына сенімді. Министр вакцинаны ойлап тапқандардың ішінде отандық ғалымдардың үлесі бар екенін алға тартты. Ал ел ішінде ұжымдық иммунитет қалыптасса, еліміздің бас мұғалімі қашықтан оқытудан құтылып, барлық баланың 1-қыркүйекте мектепке оралуын қалайды. Әйтпесе онлайнның кесірі оқушылардың білім сапасына кері әсерін тигізген секілді. Бір жағынан, үйден шықпай балаларды оқыту бюджетке де ауыр соққы. Бірақ Аймағамбетов бүгінгі жиында қаржы мәселесі туралы сөз қозғамады.
<iframe width="560" height="315" src="https://www.youtube.com/embed/zhWWS1tCxkA" title="YouTube video player" frameborder="0" allow="accelerometer; autoplay; clipboard-write; encrypted-media; gyroscope; picture-in-picture" allowfullscreen=""></iframe>