Елімізде адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты ашылады. Бұл Сара Назарбаеваның кезекті игі бастамасы, деп хабарлайды КТК арнасы.
Бүгін тұсауы кесілетін институтта еліміздегі бүкіл жастарға тұлға ретінде қалыптасу жолында қолдау көрсетіледі. Бұл туралы 10 ақпанда өткен Сара Алпысқызының қоғамдық бастамаларын талқылауға арналған онлайн-конференцияда белгілі болды. Онлайн-конференцияға қатысушылар әр жобаға тоқталып, жетістігін жіпке тізді.
- Үміт үйлері тағдыр тәлкегіне тап болған жас аналарға теңдесіз қолдау болды. Жоба елімізде тастанды бала болмауын мақсат қылып қойды. Бұл үйлерде баланы уақытша қалдыруға болады. Әрі ана сәбиін қалаған кезде көре алады. Ал аяғынан тұрғанда оны алып кетеді. Елімізде осындай үйлер барын көпшілікке жеткізуіміз керек. Әрі бұл жоба тиісті бағасын алса екен, - деп жобалардың біріне тоқталып өтті мемлекет және қоғам қайраткері Зағипа Балиева.
Қайырымдылық істердің басы-қасында жүретін Сара Назарбаева бір күннен соң 80 жасқа толады. Конференцияға қатысушылар мерейтой иесінің еліміздегі педагогиканың дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Елбасының жан жары - "Өзін-өзі тану" балаларға рухани адамгершілік білім мен тәрбие беру идеясының авторы. Одан бөлек, Сара Алпысқызы "Бөбек" қайырымдылық қоры арқылы мыңдаған жетім мен мүгедекке көмектесті. Аналарды қолдауға да үлкен назар аударды. "SOS Қазақстан балалар ауылдары" қорын құрып, жетімдердің асырап алған ата-аналарымен бірге тұруына жағдай жасағаны көпшіліктің есінде.
- Сара Алпысқызы "SOS балалар ауылдары" қорымен әрдайым байланыста. Бізге үнемі сыйлықтарын беріп жібереді. Ұл-қыздармен сөйлесіп тұрады. Былтыр карантин кезінде балаларды қажетті заттармен қамтыды. Соның арқасында дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдары жеткілікті болды, - дейді "SOS Қазақстан балалар ауылдары" корпоративтік қорының директоры Гүлжан Асанова.
<iframe width="420" height="315" src="https://www.ktk.kz/framevideo/172059" frameborder="0" allowfullscreen="" style="box-sizing: border-box; margin: 0px; padding: 0px; color: rgb(51, 51, 51); font-family: Roboto, sans-serif; font-size: 14px; background-color: rgb(255, 255, 255);"></iframe>