Тасмағамбетовтен пәтер алған Ауған соғысы ардагерлері Тоқаевқа үндеу жасады

Нұр-Сұлтан қаласында тұратын ауған соғысының ардагерлері президенттен көмек сұрайды. Айтуларынша 2010 жылы Иманғали Тасмағамбетовтың өзі табыстаған пәтерлерін әкімдік аттарына тегін аударып алуларына рұқсат бермей отыр. Жиналғандар елге еңбегіміз сіңді сондықтан тегін үй талап етеміз дейді, деп хабарлайды  "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасы.

Тоқаев пен Тасмағамбетов.jpg

Нұр-Сұлтанның қақ ортасындағы көпқабатты үйде тұратын Ауған соғысының 20-ға жуық ардагері пәтерге ай сайын ақша төлеуден шаршағанын мәлімдеді. Айтуларынша, осыдан 10 жыл бұрын сол кездегі елорда әкімі сыйлаған пәтерді енді өз атына жаздырып ала алмай жүр. Ал әкімдік "баспана құнының төленбей қалған ақшасын өте де, үйді ала бер" деген талап қойыпты.

- Осы уақытқа дейін төлеп келе жатырмыз. 10 жылдан асып кетті. Мен қарға емеспін ғой 300 жыл өмір сүретін. Мен үшін балаларым, немерелерім, қыздарым, келіншегім төлегенін қаламаймын. Мен өз атымнан, ауған соғысы ардагерлерінің атынан ҚР президенті Қ.Тоқаевқа үндеу жолдаймын. Төледік қой, 10 жылдан аса, сол пәтерлер жеке меншікке берілсін, - деді Ауған соғысының ардагері Сәрсенхан Әзімбайұлы.

Ал елорданың тағы бір тұрғыны Жансая жалға берілген үйін көктемде босату керек. Тіпті, сот шешімі де шығып қойған.

- Анам мүгедек ретінде 2011 жылы үй алды. 6 айдан соң қайтыс болды. Бірақ әкімдіктен пәтерді жалға алған кезде ешқандай құжат берілмеді. Сөйтіп анам қайтыс болған соң тұрғын үй басқармасына барып едім: "Уайымдама, сабағыңды оқи бер, үй жалға берілген, заң бойынша сенің атыңа ауысты" - деді. Мен 19 жастағы қыз соған сеніп кете бардым. Енді келіп маған үйді босат дейді. Екі баламмен далада қалдым. Бір рет соттасып жеңілдім, енді тағы соттамасын деп отырмын, - деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жансая Қаденова.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің маманының айтуынша, Жансая заңға сәйкес үйді босатуы керек. Өйткені анасына қызметтік пәтер берілген екен.

- Әкімшілік уақытша тұрғын үй кезегі келгенше уақытша берген, тұруға. Бірақ ол қайтыс болыпты. Оның кезегін күйеуі, балалары немесе жақын туыстары өз аттарына жазу керек еді. Олар жазбаған, - деді Нұр-Сұлтан қаласы Тұрғын үй басқармасының маманы Ботакөз Пшембаева.

Тұрғын үй басқармасының маманы 2019 жылдан бергі үйлердің барлығы тек сатып алу құқығынсыз жалға берілетінін айтады. Ал бұған дейінгі жалға үлестірілген пәтерлердің қалған құнын төлеп сатып алуға болады екен. Әкімдік, тіпті, баспананы сатып аламын дегендерге ақшаның 30 пайызын төлеп, қалғанын 10 жыл көлемінде еш пайызсыз бөліп қайтаруға мүмкіндік бермек.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан облысында жаңа әдіспен бірегей ота жасалды
  • Түркістан облысында оталар жоғары деңгейде жасалады
  • Шетелдік мамандар облыстық аурухана жұмысын жоғары бағалады
  • Түркістанда әлемнің 350 дәрігері қатысқан конференция бас
  • Түркістан – қасиетті өлке