Бердібек Сапарбаев вакцина салдырғаннан кейінгі жағдайын айтты

Жақында ғана Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in вакцинасын қабылдаған еді. Сапарбаев қазіргі кездегі хәл-ахуалымен бөлісті.

Бердібек Сапарбаев.png

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өткен аптада болған брифингте жалпы ел бойынша 10 миллион адам, яғни халықтың 55 пайызына вакцина егілетінін мәлімдеген болатын. Мемлекеттік қызметкерлердің ішінен алғашқылардың бірі болып ерікті түрде екпе қабылдаған Бердібек Сапарбаев денсаулық жағдайы туралы хабардар етті. Белгілі болғандай, Жамбыл облысы әкімінің жай-күйі қалыпты. 

- Екпе салдырғаныма бір аптадан асты. Денсаулығымда еш өзгеріс байқалған жоқ. Әдеттегідей, қызметімді атқарып жүрмін, - дейді ол.

Облыс әкімі ерікті түрде вакцина салдыру туралы шешімінің себебін түсіндірді. Бердібек Сапарбаев отандық ғалымдардың шығарған өніміне зор үмітпен қарайтынын айтады. Аймақ басшысы облыста вакцинаның бірнеше түрін дайындайтын үлкен зауыт ашылғалы жатқанын тілге тиек етті.

- Біздің елде, оның ішінде Жамбыл облысында Орта Азия құрлығында алғашқы коронавирусқа қарсы вакцина дайындайтын зауыт ашылғалы жатқанын білесіздер. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Егер барлығы сәтімен жүзеге асса, жылына вакциналардың бірнеше түрінен 60 млн доза шығаратын қауқары бар зауыт болмақ. Қазіргі уақытта бізде вакцинаны клиникалық зерттеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Аз уақыт ішінде еріктілердің арасынан мың адам қабылдайды деп жоспарланған. Жеке өз басым клиникалық зерттеулерден тыс, өзім вакцинаны қабылдауым керек деп шештім. Мамандар оның ешбір зиянды әсері жоқ екенін айтуда. Мен оларға сенемін. Қазіргі уақытта бүкіл әлем қауіпті індетпен күрес шебінде. Вирусты жеңудің, меніңше, тек бір ғана жолы бар. Ол – вакцина. Клиникалық зерттеуге қатысқан бірнеше еріктімен тілдескен болатынмын. Олар да осы ойды құптап отыр. Отандық ғалымдардың шығарған өнімі артылған үмітті ақтайды деп сенемін, - дейді әкім. 

Редакция Бердібек Сапарбаевтан отбасы мүшелерінің екпе салдыруға көзқарасын да сұрады. 

- Вакцинаны қабылдау – әркімнің ерікті шешімі болуы тиіс. Сондықтан, отбасы мүшелері өздерінің қалауымен әрекет етеді. Ал көзқарасы туралы айтар болсам, вакцинаның қажет екенімен келіседі деп ойлаймын, - дейді Жамбыл облысының әкімі. 

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан облысында жаңа әдіспен бірегей ота жасалды
  • Түркістан облысында оталар жоғары деңгейде жасалады
  • Шетелдік мамандар облыстық аурухана жұмысын жоғары бағалады
  • Түркістанда әлемнің 350 дәрігері қатысқан конференция бас
  • Түркістан – қасиетті өлке