Ақтөбе қаласының тумасы, бүгінде АҚШ азаматы Яна Герати биологиялық әке-шешесіне іздеу жариялады.
Бұл туралы Яна Герати Facebook-тегі Қазақстан-Америка қауымдастығы парақшасында жазды.
- "Атым - Яна және мен биологиялық әке-шешемді, отбасымның мүшелерін тапқым келеді. Бұл топ (Kazakh American Association) биологиялық ата-анамды табуға көмектеседі деп естіген едім. Мені Қазақстаннан асырап алған. 1992 жылдың мамырында Ақтөбеде дүниеге келгенмін. Мені 2001 жылы 10 жасымда америкалық ата-ана бауырына басты. Туған отбасымды табуға біреулер қолұшын беріп жатса, риза болар едім. Кез келген көмек - мен үшін өте маңызды", - деп жазды қыз.
Яна өзінде кейбір құжаттар бар екенін мәлімдеді. Алайда, нақты қандай ұйымнан көмек сұрау керек екенін білмейді. Сөзінше, бұған дейін оны алдап кеткен.
Айта кетерлігі, асырап алған ата-анасы қыздан жасөспірім кезінде бас тартқан.
- "Олармен араласпаймын, сондықтан ақпарат алу қиын. Өзімнің қайдан шыққанымды білгім келеді", - деді Яна Герати.
Қыз қолындағы бір мәліметтермен бөлісті.
-"Мені асырап алғанға дейінгі Қазақстандағы аты-жөнім - Гранчевич (Granchevitch) Яна Манольевна. Анамның аты - Гранчевич Марина Павловна (1964 жылы 18 қыркүйекте дүниеге келген), әкемнің аты - Гранчевич Маноль Томович", - дейді Яна.
Яна Гератидің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Фредериксбургте (Вирджиния) тұратыны және АҚШ армиясында қызмет ететіндігі көрсетілген.