42 500+21 250 теңгені алудың соңғы мүмкіндігі

Карантинге байланысты уақытша табыс көзінен айрылғандарға мемлекет шілде және тамыз айының жартысына біржолғы төлемді тағайындады. Кей азаматтарға төлем автоматты түрде тағайындалса, кейбірі өтінім берді. Төлем алуға өтінімді тек 1 қыркүйекке дейін қабылдайды.

image.png

Естеріңізде болса, елімізде төтенше жағдай 16 наурыздан 11 мамырға дейін енгізілді. Сол кезде Президент тапсырмасымен 42 500 теңге көлемінде табысынан айырылған азаматтарға біржолғы төлем берілді.

Осыған дейін наурыз-сәуір айындағы тағайындалған төлем бойынша кімдер алғандығы туралы жазған болатынбыз. Кейін карантин талаптарының күшеюіне байланысты 42 500 теңгені шілде айында тағайындау шешімі қабылданды.

1 шілдеде карантин ұзартылуы туралы жоспар ұсынылды

Жаз айында ауырғандар саны көбейіп, үкімет 5 шілдеде 14 күнге карантин жариялады. Ол кейін 2 тамызға дейін ұзартылды.

ОКҚ-де өткен онлайн брифинг кезінде Ералы Тоғжанов «Карантинде 42 500 теңге төлем төлене ме?» деген журналистің сауалына былай деп жауап берген болатын.

- Әлеуметтік төлем азаматтарға елде төтенше жағдай жариялануына байланысты төленді. ТЖ тоқтағаннан кейін оған ешқандай заңнамалық негіз жоқ. Сол себепті азаматтар әрі қарай мүмкіндігінше жұмыс істеген жерлерінде қызметін жалғастыруы тиіс. Осы жағдаймен тікелей байланыстыруға ешқандай негіз жоқ деп ойлаймын, - деді ол.

Тоқаев: Шілдеге 42 500 теңге төленеді

- Қазір жағдайдың реттеле бастағанының алғашқы нышандары байқалады. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға Үкімет шілде айына 42,5 мың теңге төлейді, - деп жазды Президент.

42 500 теңге. Өтініштер 1 қыркүйекке дейін қабылданады

Бұл төлем біржолғы, яғни шілде айына ғана төленеді. Алайда, өтініштерді қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады, – деді Біржан Нұрымбетов.

Тамызда жарты айға 21 250 теңге

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бар. Екі аптаға карантин созылды. Төлем беріледі. Бірақ 42 500 теңгенің жартысы 21 250 теңге төленеді, - деді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ОКҚ-дағы брифинг барысында. 

42 500+21 250 теңгені кімдер алады?

· Жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлерге;

· Жеке кәсіпкерлерге;

· Жеке практикамен айналысатын адамдарға;

· Нысанасы жұмыстарды орындау болатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғаларға;

· БЖТ төлемшісі - Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, жұмыспен қамтушы мен қызметкер

Өтінішті қайда беруге болады?

- Egov.kz порталы;

- 42500.enbek.kz порталы;

- Telegram-bot арқылы;

- Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы;

- Екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы беруге болады.

31 тамызда сағат 00.00 уақытта өтінім беру тоқтайды

- Өтінімдер 1 қыркүйекке дейін қабылданады. Яғни 31 тамызда 00.00 уақытта өтінім беру тоқтатылады. Ал 1 қыркүйектен бастап өтінімдер қабылданбайды. Дегенмен халыққа 1 қыркүйекке дейін өтінім беруге уақыт бердік. Әйтсе де уақытша табысынан айрылғандар күнделікті өтініш беріп жатыр. Оның санын біз сайтта, әлеуметтік желілерде ашық жариялап отырмыз, - деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі өкілі.

Сіз 42 500+21 250 теңгені алып үлгердіңіз бе?

Табысынан уақытша айрылған азаматтар біржолғы әлеуметтік төлем алу үшін өтінім берді ме? Төлемді алып үлгерді ме? Біліп көрдік.

- Мен Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының тұрғынымын. Карантинге байланысты жұмысым тоқтады. Негізі осында автожууда жұмыс істедім. Қазір уақытша жұмыссызбын. Төтенше жағдай енгізілген кезде 2 ай үшін 42 500 теңгеден алдым. Кейін карантин созылғаны үшін шілдеге, тамыздың жарты айы үшін де төленетінін естіп, өтініш бердім. Маған бірден тағайындалмады. Не себеп екенін білмедім. Біраз Telegram канал арқылы өтінім бердім. Кейін Қазпочтаға барып тексеріп едім, ақша түсіпті. Табысы азайған адам үшін бұл қаржы аз да болса, керек-жарағымызға жаратылды, - дейді біржолғы төлем алған Оңдасын Төлеген.

Індет салдарынан жұмысы уақытша тоқтаған кәсіпкер біржолғы төлем үкіметтің азаматтарға көрсеткен көмегі болғанын айтты.

- 42 500 теңгеге жеке кәсіпкер ретінде өтініш бердім. Өйткені пандемияға байланысты кәсібім тоқтап қалған болатын. Шілде айында арнайы портал арқылы өтініш бердім. Өтінішім 1 аптаның ішінде қаралып, ақша аударылды. Кейін 21 250 теңге тамыз айында автоматты түрде тағайындалды. Ол ақша жеткіліксіз. Дегенмен үкіметтің бұл бір реттік көмегі. Сондықтан ақшаның азы-көбі болмайды деп есептеймін, - деді кәсіпкер Талғат Мұхаметжанов.

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан облысында жаңа әдіспен бірегей ота жасалды
  • Түркістан облысында оталар жоғары деңгейде жасалады
  • Шетелдік мамандар облыстық аурухана жұмысын жоғары бағалады
  • Түркістанда әлемнің 350 дәрігері қатысқан конференция бас
  • Түркістан – қасиетті өлке