Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасының «Ашық диалог» бағдарламасына берген сұхбатында Ел президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғанына жарты жыл өтпей-ақ не себепті құрамы өзгергенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме берген Oinet.kz.
Министр мемлекет басшысының жанынан құрылған Ұлттық кеңес құрамынан алты бірдей адам қандай себептермен шығарылғаны жөнінде жауап берді.
- «Мен мұны айтарлықтай маңызды өзгеріс дей алмаймын. Ұлттық кеңестегі 44 адамның алтауы ғана ауысты.
Бұл қарапайым ғана жұмыс процесі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі - негізгі жұмыспен қатар жүретін қоғамдық жүктеме екенін түсінуіміз керек», - дейді Абаев.
Сонымен қатар, министр мырза қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне осы қызметі үшін еңбекақы төленбейтінін де алға тартты.
- «Бұл қызмет үшін жалақы төленбейді. Бұл жерге тек өз еріктерімен келеді. Сондықтан оны негізгі жұмыспен үйлестіру физикалық тұрғыда да өте қиын», - дейді ол.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері ауысқан еді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңеске белгілі қоғам қайраткерлері келгенін мәлімдеген болатын.