Түркістан облысында мал ұрлығы қылмысы былтыр 34,1%-ға кеміген. Мұндай мәліметті бүгін халыққа берген есебінде Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайрат Дәлбеков мәлім етті.
Өңірде керісінше Кентау қаласы мен Шардара ауданында мал ұрлығының өскені байқалады.
-Кентаудағы мал ұрлығы санының өсу себебі, бұрынғы Түркістан қаласының аумағына қарасты 12 ауылдық округ бүгінде Кентау қаласының құрамына енген. Оған қоса қора-жайларды дұрыс бекітпеуі, жайылымдарға жібере салуы секілді тұрғындар тарапынан орын алатын салғырттықтар да ұрлықтың көбеюіне сеп болып отыр,-деді Қ.Дәлбеков.
Тәртіп сақшылары мал ұрлығын жедел ашу мақсатында жалпы чат деген әдісті пайдалануда. Яғни, заңсыз тасымалданған малдар полицейлер тарапынан анықталып, бейне тіркегіштерге, суретке түсіріліп, арнайы чатқа жіберіледі. Мал ұрлығы туралы арызданып келген азаматтарға чаттағы бейне жазбалар мен суреттер көрсетіледі. Бүгінгі таңда мұндай әдіс өз нәтижесін беруде.
-Облыс әкімдігі жанындағы ведомствоаралық құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырыстарында мал ұрлығының алдын алуды жандандыру жөнінде беріп жатқан тапсырмаларына қарамастан, әліде болса кемшіліктер орын алуда. Сондықтан кемшіліктерді болдырмау мақсатында үш жақты келісімді мықтап жүзеге асыруымыз қажет. Тек полицейлер тарапынан ғана емес, әкімшілік қызметкерлері мен мал иелері де бірге осы мал ұрлықтарының алдын алуға жауапкершілікті сезінулері тиіс. Дәл осы мал ұрлығының салдарынан ауылдағы қарапайым жұмыссыз тұрғындар зардап шегіп, жеп отырған нанынан айырылады. Ал ұры қарыға бай мен бағлан да, кедей мен жарлы да бірдей,-деді облыстың бас полицейі.