Фотода: Орынбасар Шойынбайұлынің кітабы
Бәйдібек ауданының азаматы Орынбасар Шойынбайұлына хат.
«Адамның балалық шағы-патшаның тағы» деуші еді бұрынғылар. Сол сағымға айналған балалық балдәурен шағымда Зейнеп әжем маған:
- Балам, осы сенің досың бар ма? - деп сұрайтын.
- Көп қой, әже, қайсысын айтайын? - дейтінім мен.
- Көптің бәрі дос бола бермейді. Соның ішінде өзіңе сенімді нағыз досты таба біл. Жақсылығы жоқ достың қастығы аяқ астынан болады. Шын дос ғана қуанышың мен қайғыңды бөлісе алады. Жақсы досың болса, бір-біріңе демеу, сырласар серік боласыңдар. Осыны ұмытпа,- деуші еді жарықтық. Қайран, әжем-ай, әулие екенсің-ау!
Ореке, сен ол кісіні көзі тірісінде көрдің бе, көрмедің бе менің есімде қалмапты. Әйтеуір, сендер елге көшіп келген жылдары дүние салды ғой. Міне, сенің бүгінгі маған істеген қастығың әжемнің сол сөздерін еріксіз есіме түсіріп отырғанын қарашы.
Апыр-ай, Ореке, қаншама жылдар арамыздан қыл өтпейтін дос едік. Балалық шағымызда бірге жүріп, бірге өстік. Талай күндерде сырласар серігім болып едің. Енді жасымыз жетпістен асып, сексенге таянғанда бұл қай ақымақтығың?
Осыдан бірер жыл бұрын «Алашым Мәңгілік ел» деген кітап жазыпсың. Бірақ ол кітабыңды маған берген жоқсың. «Бір-екі өлеңінде сені де сынапты» дегендер болды маған. Бұл туралы аздап құлағым да шалған еді. Кезінде оған онша мән бере қоймағам. Жақында осы кітабың қолыма түскен еді. Ал сол кітаптан маған арнаған екі өлеңіңді есіңе салайын.
Бір досқа
Адамның алды ашық, арты тұйық
Келемін достан қашып, көңіл суып
Алдыңа барған едім, ақ үмітпен,
Бойыңа жиналыпты қулық-сұмдық.
Туған ел тербетілген алтын бесік,
Арманға жеткен едік, сенде өсіп.
Елдегі егіз өскен жан жолдасым
Шетінен жүрегімнің алды келіп.
(230 бетте)
Досым Бегалы Әбдуалиевке
Мінездеме
Өзіңді зор санайсың өте биік,
Жүремін мінезіңе ішім күйіп.
Бірге өскен жетім едік бала жастан.
Өмірде тағдырыма болған серік.
Жеке өскен шынар едің білім қуған,
Әр істі тындырушы ең өзің біліп.
Мен жайлы кітап жаздың
«Өмір жолы - тар соқпақ» - сен жазушы мен де сопы.
Арманға жетті халқым тәуелсізде,
Үзбейік достық деген адам жолды!
Құмарсың дүниеге оны білем,
Ешқашан таласпаймын білімдімен.
Мақтаншақ мансап қуған досым сенің,
Ақылың кем сияқты бір жеріңнен!
Айтады дос жылатып деген сөз бар,
Күлесің сыртың мырза көңілің тар.
Мен сенен биік тұрып, жылап жүрмін,
Түсінер адал ойды ақылы бар!
(319 бетте)
Ореке, өлеңіңді сөзбе-сөз келтірдім. Өлеңнің құрылымына, әріп, тыныс белгісінің қателеріне тиіскен жоқпын. Ол жағын оқырман өзі бағамдай жатар.
Апыр-ай, досым-ай, мен саған өкпелеп жүрсем, сенің маған деген өкпең қара қазандай, екен ғой! Бірақ сол өкпеңді ашып айтсаң болмас па еді?
Маған тақпаған кінәң қалмапты: қулық-сұмдықты жинап алыпсың, өзіңді зор санайсың, дүниеге құмарсың, мақтаншақ, мансап қуғыш дейсің. Сыртың мырза, көңілің тар, ақылың кем дейсің.
Мені сонша сөгіп, кітапқа жазудағы мақсатың не? Мені кітапқа жазып, тарихта қалдыру ма?
Ау, сенің маған қандай жақсылығың өтіп кетті? Айтшы кәне. Айта алмайсың, әрине. Саған істеген жақсылықтарымды ішің біліп тұрған шығар? Ал оның өтеуі әлгіндегідей болғанына қатты өкінемін.
«Қариялығы жоқ қартыңнан бесіктегі бала артық» дейді дана халқым.
Қариямын дейсің, ақынмын дейсің. Ұрпаққа қалдырар өнегең, берер тәлімің осы болғаны ма? Біреуді мақтап, біреуді даттағаннан не ұттың, қане? Саған қол ұшын бергендерді, демеушілік жасағандарды келістіре мақтапсың. Малы көптің бір тай бермегенін даттапсың. («Бір ағайынға» деген өлеңінде)
«Төртінші кітап күтіп тұр,...
Халқына жетпей арманда.
Атымтай-жомарт табылар,
Қол ұшын берер маған да» деп әлі жазылмаған кітабыңа да демеушілер іздейсің. (360 бетте)
Одан да «Орекең төртінші кітабын жазатын болды» деп қайырымдылық акциясын өткізейік те.
Ореке, қай ақын, жазушыны көрдің тіленіп-сұранып кітап жазғанын?
Әй, досым-ай! Абайды, Мағжанды, Шәкәрімді таныдым дейсің. Ендеше Абайдың мына өлеңіне зер салшы.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды ертегіні термек үшін
Көкірегі сезімді, тілі орамды
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңіліңнің көзі ашық, сергегі үшін.
Ұлы ақынның осы өлеңін зерделеп оқысаң, жоқ-барды термешелеп, кітабыңа кіргізбес ең. Қысқасы, кітап жазу бұл еріккеннің ермегі емес. Өсек-аяңның, біреуді ғайбаттаудың құралы емес. Қолыңнан келсе өскелең ұрпаққа пайдасы тиер, тағылымы мол дүние жаз. Осы айтқандарыма күмән келтірсең, оқырман ретінде дәлелдер келтірейін.
Кітаптың атын «Алашым Мәңгілік ел» депсің. Ал соңғы бетіне «Алашым Мәңгілік елі» дегенсің ешқандай тыныс белгісі, не мән-мағынасы жоқ кітаптың атын қалай түсінуге болады? Сыртқы безендірілуіне келсек, қоқыстан тауып алған кітап сияқты. Ал, ішін ашып көріп едім, ой тоба қылдым-ай, әдебиет жанрынан, оның теориясынан іздегеніңді осы кітаптан табасың. Бас-аяғы жоқ көр жерді кітапқа тықпалай бергенің не?
Кітабыңда өлеңдеріңмен қоса әңгімең де бар екен. Бірнеше адамға мінездеме рецензия, анықтама, тілек, өзіңнің және өзгелердің өмірбаянын жазыпсың. Мақал, мәтелдер мен ұлылардың даналық сөздерін, бабалардың батасын, салт-дәстүріміз бен ән текстері (нотасымен), ұлы тұлғалардың өмір сүрген жылдарын,тіпті өзіңнің атыңа жазылған марапаттаулар т.б. түгел қамтылған.
Ореке, сенің бұл кітабыңды әдебиеттің қай жанрына жатқызарымды білмей көп ойландым. Өлеңдер жинағы дейін десем, бәрі араласып кеткен дүние. Энциклопедиялық жинақ дейін десем, не оған келмейді. Кітапты әйтеуір қалыңдата беруді мақсат еткенсің-ау деймін.
Ақыным-ау, шығармаңды тақырып, мазмұн және түр жағынан жүйелеп жазсаң болмас па еді?
Біраз өлеңіңді оқып шықтым. Сөз саптауыңнан жағымпаздықтың иісі аңқып тұрғанын көзі қарақты оқырман өзі-ақ аңғарар. Байқағаным, кімнің тарысы піссе, соның тауығы болуды әбден үйреніпсің, досым.
Кітабыңнан «Ордабасы аялдамасы» деген әңгімеңді көзім шалып қалды. Менің білуімше, әңгіме ішінде бір, немесе бірнеше оқиғалар жиынтығы, яғни сюжет болушы еді. Ал сенің әңгімеңнен арақ ішіп отырған татар азаматы мен екеуіңнің араңдағы диалогты ғана байқадым. Әңгімеңнің аяғы публицистикаға ма, әлде жоғары пафосқа құрылған, қара сөзбен өрілген толғау ма, әлде монолог айтқың келді ме білмедім. Есімде қалғаны ең соңғы сөйлеміңді 106 сөзден құрағаның. (308 бет)
Пәлі-і! Не деген ұзақ сөйлем. Сөйлем құраудан рекорд жасапсың, Ореке.
Бірақ сол сөйлеміңнің түйінін іздеп таба алсамшы.
Досым, енді мені тыңда. Кейбіреулердің қария кісі ғой деп көңіл жықпастықпен мақтап-мадақтағанына дандайсып кеткен сияқтысың. Көңіліңе келсе де айтайын. Бүгін өнер адамдарының айтуынша, сен «Жұлдыз» ауруына ұшырапсың, досым.
Өрмелеп сатының жоғарғы шабағына шығып кетіпсің. Байқа, өзің қартайып қаусап тұрғаныңда омақаса құлап, бір жеріңді майып қып жүрме.
Ореке, біз екеуміз бүгінде жетпістің жетеуіне шықтық. Қорқыта айтсам, құзар жардың жағасында тұрмыз. Бұдан былай саған берер ақылым, бұрынғыдай қара өлеңіңді жазып абыройдың биігінде жүргенің әлдеқайда дұрыс болар еді.Әдебиет әлемінің биігіне шығамын деп қол жетпес қияға ұмтылмай-ақ қойғаның жөн.
Өзің білесің, біз екеуміз де әдебиетке кеш келдік. Енді бүгінгі әдебиетке тың серпін, тосын жаңалық енгізу біздің қолымыздан келмес. Осы есіңде болсыншы.
Қысқасы, көтере алмас шоқпарды беліңе қыстырғаның жараспас.
Ореке, сен өзіңді жақсымын деп көрсеткің келеді. Ендеше мынаны есіңе сақта:
Жақсы жігіт дұшпаннан дос, достан бауыр жасайды. Бауырдан тәуір жасайды деген. Жақсы адам болу, ақыл-парасатпен, ар-намыс, иман пейілмен, адал еңбекпен келеді. Мен де сенің келешекте тәуірлер қатарында жүргеніңді қалаймын.
Бегәлі ӘБДУӘЛІҰЛЫ,
Оңтүстік Қазақстан облысына еңбегі сіңген,
Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы, жазушы