Бәйдібек ауданында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша қоғамдық қабылдау және қоғамдық мониторинг өтті. Бұл туралы Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілі Жанар Қамбардың және Бәйдібек ауданы әкімдігінің көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұсынатын дербес бөлімдердің жауапты мамандарының қатысуымен қоғамдық қабылдау өтті. Қабылдауға тұрғын үй кезегіне тұру, жер телімін алу және заңдастыру, әлеуметтік көмектер алу, жас мамандарға көрсетілетін қолдаулар бойынша және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша келген азаматтарға заңнама талаптарына сәйкес кеңестер берілді.
Қабылдау соңында аудандық дербес бөлімдердің жауапты мамандарының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласы бойынша өзекті мәселелері мен ұсыныстары тыңдалды.
Қоғамдық қабылдаудан кейін «Халыққа қызмет көрсету орталығының» Бәйдібек аудандық бөлімінде, Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында қоғамдық бақылау жүргізілді. Қоғамдық бақылау барысында аталған мекемелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдай бақыланып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұсыну жағдайына шолу жасалды. Бақылау нәтижесімен қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында ұсынымдар берілді.