Түркістан облысы Сарыағаш ауданы аумағындағы заңсыз салынған құрылыс жұмыстары анықталып, бұздыру жұмыстарын жүргізу үшін жұмысшы топ құрылды. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жұмысшы топтың құрамына ауданның полиция бөлімі, жер қатынастары бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімі, жер кадастры бөлімі мамандары тартылған. Нәтижесінде Сарыағаш қаласы Самал-3 Телемұнара мөлтек аудандарын аралау барысында өз бетінше салынған бірнеше тұрғын үй іргетасы құрылыстары анықталып, заңсыз құрылыстарға тиісті акті түзіліп құрылыс салынған объектілерді бұзу жұмыстары жүргізілді. Заңсыз жүргізілген құрылыстарды арнайы техниканың көмегімен бұзылды. Ендігі кезекте заңсыз салынған нысандарды анықтап, ретке келтіру жұмыстары Сарыағаш ауданы көлемінде өз жалғасын табатын болады.
Айта кетері, заң бойынша жерді пайдалану, құрылыс жұмыстарын жүргізу тиісті талаптарға сәйкес болуы тиіс. Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 19-бабына сәйкес, аудандық маңызы бар қала, кент, және ауылдық округтер әкiмдерiнiң қаланың, кенттiң, ауылдық елдi мекеннiң шекарасы (шегi) шебiнде жер қатынастарын реттеу саласындағы жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру құзыреті берілген.