Түркістан облысы Сарыағаш ауданында түрлі жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылық көрсетіп жатқан жомарт жандар саны күн санап артып келеді. Жақсылыққа жаны құмар осындай азаматтар ауданда тұратын аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау білдіруде.
Рамазан айындағы игілікті іске бүгін аудандық орталық мешітте Жария қайрымдылық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудандағы жалғызбасты, көпбалалы және тұрмысы төмен мұқтаж 50 отбасыға азық-түлік себеттерін үлестірді. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылар халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған бөлігіне көмек қолын созу арқылы рамазан айында сауапты іс жасап, мейірімділік пен ізгілікті жоғалтпауды мақсат ететіндіктерін айтады.
Көмек алған отбасылар қайырымдық шарасын ұйымдастырушыларға ізгі тілектерін білдіріп, ақ жаулықты аналар ақ батасын беріп, алғыс айтты. Қайрымдылық-адамгершілік қарым-қатынастар¬дың озық үлгісі болып саналады. Жүрегінде иманы бар жұрт қолынан келгенше Алла алдындағы қасиетті парыз¬дың бірін қайырымдылық деп біледі. Айлардың сұлтаны деп саналатын қасиетті Рамазан айында осындай игі істер Сарыағаш ауданына қарасты көптеген елді мекенінде жалғасын табуда.