Климаттық орналасуы, жұмыс күші тұрғысынан алғанда Түркістан облысының біршама артықшылықтары бар. тіпті Оңтүстікті Қазақстандағы ең қолайлы өңір деп атауға да болады. Бүгінде Облыста 71 мыңға жуық шаруашылықтар бар. Бұл бойынша өңір агроқұрылымдар үлесінің Республикада 35 пайызына ие.
Оңтүстіктің шаруалары жаңа технологияларды, тың әдістерді игеруде оқ бойы озық келеді. Республикадағы жылыжайлардың, тамшылатып суару әдісі енгізілген алқаптардың дені Түркістан облысына тиесілі.
Соңғы жылдары Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданда бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы қолға алынған болатын. Әсіресе, 2-3 гектар жері бар агроқұрылымдар үшін бұл бағытты ендірудің маңызы зор.
Осы орайда Сарыағаш ауданы, Жартытөбе ауылдық округінде бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы бойынша 2021 жылы 93 шаруа қожалық 180,83 гектар жерге бірінші өнім қырыққабат отырғызған. Бүгінгі таңда егілген жерден алғашқы өнімдерін алып, Ресей Федерациясына, Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа да облыстарға жөнелтілуде. Алынған өнім 2988,9 тоннаны құрады. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімідігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Диқандар тынымсыз еңбектерінің арқасында жұмыстарының табысты нәтижесін көруде. Осылайша, ауданымыздың шаруалары жылына бірнеше рет өнім алу жобасын тиімді қолдауда.