Шымқалада жақында ашылған "Shymqala" этноауылында Елбасының "Рухани Жаңғыру" бағдарламасының "Дәстүр және ғұрып" арнайы жобасы аясында "Шебердің қолы ортақ" шеберлік сағаты өтті. Шеберлік сағаттың бұл жолғы қонағы - зергерлік бұйымдардың жасалу жолы, күмістердің қасиеттері мен түрлерінен Қазақстанның Суретшілер одағының мүшесі, зергер шебері Əшірбек Желдібаев. Шараны «Қазақ радиосы» және «Шалқар» радиоларының Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ерсұлтан Әмірбек жүргізіп отырды. Тағлымы мол жиынға қаладағы ЖОО студенттері, мектеп оқушылары белсенді қатысып, қолөнер бұйымдарына қызығушылықтары артып, рухани азық алды.
Қазақ халқының зергерлік өнері ерте заманнан бастау алып, бүгінгі күнге дейін өзінің маңыздылығын жойған жоқ. Керісінше, шебердің қолынан шыққан бұйымдар жоғары бағаланып, ерекше сұранысқа ие. Сондай зергерлердің бірі – шымкенттік Әшірбек Желдібаев. Оның қолынан шыққан әрбір әшекей – әсіресе, қыз-келіншектердің сән-салтанатын арттыруда. Зергер жиында күміс әшекейлердің жасалу жолы, түрлері мен олардың халқымыз үшін маңыздылыңын атап өтті.
Аталған шарада ұлттық әшекейлер жастарға, қыз-келіншектерге насихатталып, ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырды. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын іс-шаралар алдағы уақытта да "Shymqala" этноауылында көптеп ұйымдастырылады. Жиын соңында ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын "Shymqala" этноауылын тамашалауға, шеберлік сабақтарға қатысуға шақырды.