Былтыр халыққа арнаған Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнес күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын, пан¬демияның зардабы осы салаға ауыр тигенін алға тартып, кәсіпкерлік саласына күрделі кезеңде барынша қолдау көрсетудің тапсырған болатын.
Түркістан облысында пандемия кезінде тұралап қалған кәсіпкелік нысандар жұмыс істей бастады. Мұндай мүмкіндікке тек «Ashyq» жобасына тіркелген мекемелер ғана қол жеткізіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова мәлімдеді.
«Биылғы жылдың 26 сәуірінен бастап, елімізде індеттің таралуын болдырмау мақсатында «Ashyq» жобасы қолға алынғаны белгілі. Бүгінде бұл бастама өзінің оң нәтижесін беріп отыр. Уақыт өткен сайын өңірде жаңа жүйені пайдалана отырып, кәсібін жүргізгісі келетіндер қатары артып келеді. Бүгінге дейін 150-ге жуық кәсіпкер «Ashyq» жобасына қатысуға өтінім берген. Оның ішінде 86 өтініш мақұлданып, QR-код алған. Қалған өтінімдер бойынша тиісті құжаттарын тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деді З.Амирова.
Жобаға қосылу үшін берілген өтінімдердің дені қоғамдық тамақтану орындарына тиесілі. Сондай-ақ, олардың қатарында боулинг, бильярд, монша, кинотеатр және компьютерлік клубтары бар.
Мамандар «Ashyq» жобасына қатысып, QR код алу үшін infokazakhstan.kz сайты арқылы өтінім бере алатынын айтады. Егер кәсіпкер өзі сайт арқылы тапсыра алмаса, жобаға қатысты сауалдар туындаған жағдайда Кәсіпкерлер палатасының мамандары кеңес беріп, сүйемелдеуге дайын.
Сонымен қатар, баспасөз жиынына қатысқан облыстың бас санитариялық дәрігерінің орынбасары Бақтыораз Елемесов пен Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Алтын Мейрамбайқызы аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталды.