Түркістан облысына Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында вице-министр Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, сол маңдағы этноауыл мен ботаникалық бақты аралап көрді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ, ол «Ұлы дала елі» орталығында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Ұлылардан қалған мұра» атты іс-шараға қатысып, өзінің жеке мұрағатында сақталып келген қазақ ханы Абылайдың Ресей патшайымы Анна Иоановнаға жазған хатының тұпнұсқасын орталық басшылығына салтанатты түрде табыс етті. Шараға Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Болат Анапияұлы рухани астанамыздың күн санап көркейіп, жанданып, қайта түлеп келе жатқаны Елбасымыздың осыдан үш жыл бұрынғы қабылдаған тарихи шешімінің жемісі екенін тілге тиек етті.
«Көне Түркістан шаһары небәрі үш жылдың аралығында адам таңғаларлықтай әсем де, көркі көз тартар шаһарға айналды. Таяуда ғана Түркістан – Түркі елдерінің мәдени астанасы атанып, Қазақ елінің нағыз мәдени, рухани орталығы екенін барша жұртқа паш ете бастады. Соңғы екі жылда қалада 200-ден астам мәдени, рухани, әлеуметтік нысандар бой көтіріп келеді. Осы ретте мен де бүкіл қазақ халқының терең тарихынан сыр шертер жәдігерлердің алтын ұясына айналып отырған «Ұлы дала елі» орталығына жеке мұрағатымда сақталып келген Абылай ханның орыс патшайымы Анна Иоановнаға жазған хатын тапсыруды жөн көрдім», – деді Болат Анапияұлы.
Айта кетейік, «Ұлы дала елі» орталығы 2020 жылдың қыркүйек айының 28-і күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласына сапары барысында ашылған болатын. Орталықтың негізгі мақсаты – Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында атап өтілген тарихи құндылықтарды насихаттау. Орталық Қазақ Хандығының құрылғанынан бастап, жаңа дәуір дамуына дейінгі әртүрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи- заманауи залдан тұрады. Бірінші қабатта Түркістан қаласы түркі халқының рухани астанасы болғандықтан түбі бір түркі халықтарының баға жетпес құндылығы, Күлтегін ескерткішінің үшінші көшірмесі қойылған.
Көне жәдігерлерді аралап көрген вице-министр орталық қызметкерлерінің жұмысына шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, ол «Керуен сарай» кешенін, Тұңғыш Президент саябағын, «Алтын Самұрық» театрын, фудкор аймағын аралап көрді.