Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығын атап өту аясында Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы аудандық өлкетану музейіне «Қазақ даласының батыры-Күш атасы Қажымұқан» тақырыбында жылжымалы көрме ұйымдастырды. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Көрмеде Қажымұқанға қатысты құнды жәдігерлер мен құжаттар, өмір жолын айғақтайтын суреттер көрермен назарына ұсынылды.
Іс-шараға Қажымұқанның көзін көрген, өнер көрсету кезінде пайдаланған тасын 75 жыл сақтап, 2018 жылы музей қорына өткізген қарт ана Жаңыл Бекбауова қатысты. Қария естеліктермен бөлісіп, батасын берді.
Қажымұқан Мұңайтпасов – күрес өнерінің көптеген түрін жетік меңгеріп, әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ. Дүниежүзінің 30-ға жуық елін аралап, 50-ден астам медаль жеңіп алған. Биыл оның туғанына 150 жыл толып отыр.
Қажымұқан 1871 жылы қазіргі Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген. Алайда оның туған жеріне қатысты әр түрлі пікір бар. Зерттеушілердің бір тобы оны қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында 1883 жылы дүниеге келді деп жазады. Балуан өмірінің соңғы жылдарын қазіргі Ордабасы ауданында өткізген. Оның бейіті де сол жерде.