Шымкенттің шетіндегі Азат шағынауданына арнайы тартылған жарық жүйесі бүгінде іске қосылып, жергілікті тұрғындар мемелекеттік қуат көзіне қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, жарықпен қатар жүргізілген таза ауыз су жүйесінің құрылысы да аяқталыпты.
Шалғайдағы шағынауданға ауыз су жүйесін тарту жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Оған бюджеттен 192,2 млн теңге бөлінген. Бүгінгі таңда құрылыс толығымен тәмәмдалған. Құбырларға ауыз су келіп тұр. Алайда, жергілікті тұрғындардың тең жарымы үй құжаттарының түгел болмауына байланысты қоса алмай отыр.
Ал, электр қуаты бойынша құрылыс толығымен 2020 жылы аяқталып тұрғындар сапалы ток көзіне қосылған. Өзара келісім шарт арқылы мемлекеттік жарықты пайдаланып отырған азаттықтарға көгілдір отынның да жететін күні алыс емес.
Тұрғын алабты газбен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы бюджеттен қаралған 194,5 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Нысанды биыл қыркүйек айына дейін құрылысты аяқтап, пайдалануға тапсыруды жоспарлап отырмыз. Жоба бойынша 510 тұрғын үй табиғи газбен қамтылатын болады»,- дейді мердігер мекеме басшысы Шалқар Төлегенов.
Аталған тұрғын алаб 2014-2015 жылдары Түркістан облысының Сайрам ауданынан қала аумағына қосылған. Ал 2017-2018 жылдары қала әкімдігі тарапынан тұрғын алабының жерлерін рәсімдеуге рұқсат берілген. Алайда, тұрғындар құжаттарды рәсімдемей жатып жеке меншік жер теліміне заңсыз үй салған. Қала басшысы Мұрат Әйтенов жер мен үйді заңдастыру бойынша заң аясында шешілетінін жеткізді. Бұл жұмыстарды жіті қадағалайтынын айтқан қала басшысы тұрғындарды заңға сүйеніп әрекет етуге шақырды. "Арыз-шағымдарыңызды ескере отырып, ең алдымен, газ, жарық және ауыз су мәселесін шешуді қолға алдық. Өздеріңіз көріп отырғандай жұмыстар жүргізілуде. Ал инженерлік коммуникациялардың құрылысы аяқталған соң жол салу жұмыстары да басталатын болады»,-деді әкім.