Күзет агенттігінен қару ұрлаған күдіктілер қолға түсті

013.jpg

Түркістан облысы әкімінің құқықбұзушылыққа жол бермеу және оған итермелейтін жайттардың алдын алу туралы тапсырмасын тәртіп сақшылары тиісті деңгейде атқарып келеді. Бұл жолы құқық қоорғау органдарының қызметкерлері қару ұрлаған күдіктілерді қолға түсірді

Түнгі уақытта Түркістан қалалық ПБ кезекші бөлімінің 102 пультіне күзет агенттіктерінің бірінің кеңсесінен атыс қаруы ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына қалалық полиция басқармасының басшылығы бастаған жедел-тергеу тобы шықты. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, белгісіз тұлғалар Күзет агенттігі орналасқан ғимаратына кіріп, сейфті ашып, оқтары бар "Сайга" аңшылық мылтығын ұрлап кеткен.

Сонымен қатар, ұрылар көрші кеңселерден екі ноутбукты қолды қылған. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі "Ұрлық" және 287-бабы 1-бөлігі "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бойынша СДТТБТ-ға тіркелді.

Қару-жарақ пен басқа да бағалы заттарды ұрлаған күдіктілерді ұстау мақсатында Түркістан қаласының полицейлері жақын маңдағы аумақтарды аралап, бейнебақылау камераларын мұқият тексерді. Содан полицейлер бейнекамералардың бірінен түнгі уақытта сөмкелеріне ауыр зат салып алып жүрген екі жолаушыны байқады. Алынған ақпараттың арқасында криминалдық полиция қызметкерлері іздестіру іс-шараларын жалғастырып, бір апта ішінде ұрылардың ізіне түсті.

Одан әрі жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары ұрлық жасаған күдіктілерді ұстады. Күдіктілер Отырар ауданының тұрғындары, жас жігіттер болып шықты. Олар өз кінәларын толық мойындады.

Тергеу барысында күдіктілердің ғимаратта адамдардың жоқтығын пайдаланып, күзет агенттігінің кеңсесіне кіргені анықталды. Содан кейін қолда бар құралдардың көмегімен есіктерді ашып, сейфтен атыс қаруын, компьютерлік техниканы ұрлап, барлығын сөмкеге салып, белгісіз бағытқа жасырынған. Ұрылар ұрланған қаруды танысына сатып, ноутбуктарды Шымкент қаласындағы ломбардқа өткізген. Ал ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. "Сайга " қаруы, ноутбуктар және басқа да бағалы заттар айғақты зат ретінде тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынды. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды ескертеді. Кеңселер мен үйлердің есік-терезелерін ашық қалдырмау қажет.

Сондай-ақ, бөлмелерді бейнебақылау камераларымен және күзет дабылымен жабдықтау керек. Егер сіз осындай қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның "102" телефоны арқылы хабарласыңыз

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Үш күнде анықталған 12 мас жүргізуші 7 жыл көлік басқару құқығынан айырылды
  • Жас жігітті ұрған бұзақы ұсталды
  • Көліктерден ақша ұрлап, істі болды
  • Полиция құрылыс құралдарын ұрлаған күдіктіні ұстады
  • Полицейлер кезекті мас жүргізушіні ұстады