Қазіргі таңда елімізде азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірнеше бағыты бар. Мысалы, мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар арқылы несиеге үй алуға немесе жергілікті атқарушы органдар арқылы жалға берілетін баспаналарға қол жеткізуге болады. Биылғы жаңалық, арендаға баспана беруден басқа жағдайдың барлығы да 2020 жылдың соңында құрылған «Отбасы банктің» қатысуымен жүреді. Дәл осы қаржы институтының мамандары әр азаматтың төлем қабілетін қарастырып, мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие ала алатынын, кімнің басымдыққа ие немесе тегін көмекке мұқтаж екенін анықтайды. Банк жұмысының екінші бағыты мемлекеттік бағдарламалар. Соның бірі – «Шаңырақ» бағдарламасы. Ол тек баспана кезегінде тұратын азаматтарға арналған. Бастапқы жарна – баспана бағасының 10 пайызы.
«Қазақстан өңірлерінде баспана соғу үшін 180 миллиард теңге бөлінді. Бұл бағыт бойынша Шымкентте Тұран шағынауданында 27 үй соғылуда, онда жалпы саны 1728 пәтер бар. Қазір біз сол пәтерлерді үлестіріп жатырмыз. Қайталап айту керек, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша баспананы тек кезекте тұрғандар ала алады. Бұл да кредиттік баспана, бағасы сәл қымбат, мысалы, әр шаршы метрі 200-210 мың теңгеден болады. Қазір конкурс жүруде, алғашқы 550 пәтерді кезектегі азаматтарға ұсындық. Онлайн өтетін конкурсқа қатысу үшін baspana.kz сайтына кіріп, «Конкурс» бөлімін таңдау керек. Сонда үйлер көрінеді. Егер алдағы уақытта қандай конкурстар болатынын білгіңіз келсе, «Болашақтағы нысандар» бөліміне өтуге болады. Онда барлық мәліметтер мен нысандардың мерзімі көрсетілген, – дейді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.
Бір айта кететін жайт, өтінім берушіде бұл бағдарлама бойынша баспана бағасының алғашқы жарнасы ретінде 10 пайызын алдын ала жинақтау міндетті емес.
– Өтінімдер бір ай бойы қабылданады. Содан кейін оларды баспана кезегіндегі нөмірі бойынша реттейміз, бұл бағдарлама бойынша басқа талап жоқ, яғни, азаматтар санаттарға бөлінбейді. Кімнің кезегі алда, сол пәтерін алғаш болып алу мүмкіндігіне ие. Содан кейін конкурстан өткендері шақырып, төлем қабілетін тексереміз. Мақұлданған жағдайда олар осы аралықта пәтер бағасының 10 пайызы көлемінде алғашқы жарнаны құюы керек, – деп түсіндірді банк филиалының директоры.