Инвесторлар Түркістанда екі зауыт салады

6.jpg

Халыққа арнаған былтырғы Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде қалыптасқан жаңа ахуалда елге инвестиция тартып, отандық тауарлар мен қызметтерді экспортқа шығарудың ерекше басымдыққа ие болып отырған айтқаны белгілі. Пандемия кезінде инвестиция тарту, сол арқылы өндірісті дамытудың маңызы зор. 

  Қытай инвесторлары Түркістан облысында автобустар мен электраккумуляторын жасап шығаратын зауыт салмақ. Бұл жөнінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Қытай Халық Республикасының кәсіпкерлерін қолдау қауымдастығының президенті Хуан Линьмен кездесуі барысында талқыланды. Басқосу нәтижесінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қауымдастық президенті сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтіп, Түркістан облысында өз бизнесін дамытқысы келетін қытайлық кәсіпкерлердің саны артқанын жеткізді.

«Қасиетті Ораза айт күні кездесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Айтыныз қабыл болсын. Түркістан облысы өте қарқынды даму үстінде. Қытайдың көптеген инвесторлары осы Түркістан облысына келіп, жұмыс істеуді армандайды. Біздің қауымдастықта 20 мыңнан астам орта және кіші кәсіпорындар бар. Пандемия жағдайына байланысты инвесторлар келе алмай отыр. Әзірге автобустар мен электраккумуляторын жасап шығаратын екі зауыт салуды көздеп отырмыз»,-деді Қытай Халық Республикасының кәсіпкерлерін қолдау қауымдастығының президенті Хуан Линь.

Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды, іскерлік байланыстар мен ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Облыс басшысы Хуан Линді өңірдің экономикалық әлеуетімен таныстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Облыс әкімі электр қуатымен жүретін автокөліктерге арналған аккумулятор жасап шығаратын зауыттың құрылысына ерекше мән берді.

«Бұл - болашағы бар жоба. Алдағы уақытта сұранысқа ие болары анық. Сондықтан қолдауға дайынбыз. Индустриалды аймақта бір айдың ішінде еркін экономикалық аймақ қалыптастырылады. Инвесторларға барлық жағдай жасалады. Жер бөлінеді. Электр қуаты мен газбен қамтамасыз етіліп, темір жол қызметі ұсынылады. Сонымен қатар, салықтан босатылады. Елімізде сұранысқа ие болатын жобаларды қолдауға біз әрқашан дайынбыз»,-деді Өмірзақ Шөкеев.

Қысқа мерзім ішінде еркін экономикалық аймақ ретінде құрылатын индустриалды аймақтың жалпы аумағы 350 га. Ондағы түрлі алаңдарда инвестициялық жобаларды іске асыруға мол мүмкіндік берілген. Түркістан облысы құрылғалы өңірге 3,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Алдағы төрт жылда 3,6 млрд. АҚШ долларын құрайтын 97 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 22 мың адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әйелдер аяқ киімі шығарылмақ
  • Кәсіпорын ұлғайтылмақ
  • Арнайы киімдерге сұраныс жоғары
  • Қағаз және картон өндіретін кәсіпорын ашылады
  • Балалар аналарына хат жазды