«Жұлдыздар аллеясынан» орын бұйырмады

3

Шымкент қаласындағы «Көл» маңында осыдан бірнеше жыл бұрын вальс королі атанған атақты композитор Шәмші Қалдаяқов атындағы саябақ ашылғаны баршаға аян. Сазгердің ескерткіші орнатылған гүлзар ашылғанда қала тұрғындары қатты қуанды. Әсіресе ондағы Оңтүстік өңірінен шыққан белгілі ақын, сазгер, әншілердің есімдері жазылған тақтайшалардың ашылғанын ерекше бір жаңалық болды. Есімдері еленген жұлдыздардың қатарында Медеу Арынбаев, Хадиша Сейітова, Хадиша Шалабаева, Сәкен Майғазиевтан бастап грек ұлтының өкілі Лаки Кесоглу, орыс ұлтының өкілі Василий Криллин, Александр Романов, өзбек әншісі Атхамбек Юлдашев та бар. Бас-аяғы жұлдыздар тақтайшасында 50-ге жуық өнерпаздардың есімдері жазылыпты. Жөн-ақ. Алайда сол тізімге оңтүстіктің топырағынан шыққан құрметке лайықты кейбір тұлғалардың енбей қалғаны менің көңілімді қалдырды. Мәселен Сайрам ауданы Теспе бөлімшесінде туылып, қазақ операсын шыңға шығарған Құрманбек Жандарбеков, 12 жасында Голливудта өткен дүниежүзілік фестивальде Гран-при жүлдесін иеленген шардаралық жас әнші Мөлдір Бақытжанқызы, алты алашқа ақындығымен танылған, керемет әндердің авторы Мұхтар Шаханов, жазушы Исраил Сапарбаев, 80-нен аса әні мен 20 шақты күйдің авторы қаныбек Сарымбетов, керемет биші Шара Жиенқұлова, әнші Мәншүк Сәрсенбаевалар атаусыз қалып кеткен. Бұлардың қай-қайсысын алап қарасаңыз да өнері бір төбе жандар болған. Көзден кетсе көңілден де кетеді дегендей әсіресе әнші Мәншүк Сәрсенбаеваның есімі ұлықтала бермейді. Мәншүк Жүсіпбек Елебеков атығдағы эстрада және цирк колледжінің түлегі. Оның Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған Кеңес Дүйсекеевтің «Тамашаның» сахнасында «Домбыра» әнін тамылжыта орындағаны ел есінде. Мәншүктің сол кезде домбыраны төбесіне қойып көрерменге тағзым жасағанын халық біразға дейін аңыз қылып айтып жүрді. Ол тіпті сол кезде Отанымыздың жүрегі саналған Мәскеу қаласына шақыртылған еді. Мәншүктің бөтен қалада қапыда көз жұмып, елге табытпен оралғаны неткен өкінішті еді. Оның өлімі жұмбақ болып қалды.

Қазір еліміздің мақтаныштары жазылған тақтайшаларда әнші Заттыбек Көпбосынұлы, Қайрат Нұртас секілді жас әншілердің де есімдері бар. Әрине олар тыңдармандардың жүргеніне орын алған өнер иелері, қазақ эстрадасына қосқан еңбектері де бар шығар. Дей тұрғанмен, жоғарыда қазақ өнеріне сіңірген еңбектері мол тұлғалардың алдын орап, жұлдызды тақтайшалардан орын алғаны қалай?! Игіліктің ерте кеші жоқ. Оңтүстік өңірінің дүлдүл өнерпаздарын ұмытуға болмайды. Жоғарыда аталған әнші, композиторлардың есімдері әлі де болса Шәмші атамыздың аллеясынан лайықты орнын табар деген үміттемін.

А.Мырзатаева, Шымкент қаласы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here