ОТЫРАР АУДАНЫНДА БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҚТАРЫ АШЫЛДЫ

34

Бүгін Түркістан облысы Отырар ауданындағы Қоғам және Аққұм елдімекендерінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік көмек көрсететін Күндізгі қатынау бөлмелері ашылды.
Мүгедектігі бар балаларды болашақта қоғамдық ортада өзін-өзі ұстауға, адамдармен емін-еркін қатынас жасауға, өзін тең дәрежеде сезінуге үйрету, арнаулы әлеуметтік қызмет сапасын жақсарту мақсатында Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейлі жылы аясында іске қосылған шағын орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Айтаханов қатысып, ізгі ниетін білдірді.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық жасау басты назарға алынғаны белгілі. Бұл орталықты ашудағы мақсат – қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, даму деңгейін арттыруға, арнаулы әлеуметтік қызмет сапасының тиімділігін еселеп, мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты ортаға бейімдеу болып табылады. Еліміздің барлық азаматының қоғам үшін ерекше орны бар. Жыл басынан бері аудан көлемінде дәл осындай бірқатар мекемелер іске қосылған болатын. Бүгінгі қолданысқа берілген мекемеде балғын балалар ем алып, түрлі мамандар бақылауында болуымен қатар ата-аналар үшін де тиімді», -деген аудан әкімі Ерлан Айтаханов балалардың кешкі уақытқа дейін қоғамдық ортаға бейімделуі мен ата-аналарға жайлы жағдай жасауға үлес қосқан жергілікті кәсіпкерлер мен жаны жомарт, қолы ашық азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.

Жыл басынан бері Отырар ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларды кезең-кезеңімен күндізгі қатынау бөлмелеріне орналастыру жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Отырар, Маяқұм, Балтакөл ауыл округтерінде шағын қатынау бөлмесі ашылып, қызмет көрсетіліп жатса, игілікті бастамаға тағы да екі ғимарат қосылды.
Шара барысында ауыл тұрғындары атынан қоғамдық Кеңес Жұмашұлы мен Аққұм елдімекенінен Құтышбек Есенғараевтар балғын балалардың өміріне бей-жай қарамай, игі істің басында жүрген азаматтарға алғыс сезімін білдіріп, ақ баталарын берді.
Игілікті істер алдағы уақытта да жалғасын табады дейді, аудан әкімінің баспасөз қызметі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here