Ешкім аузыма қақпақ бола алмайды…

78

Арман БЕРДАЛИН, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры:

 

–  Бүгінде қолға түсіп, қамалып жатқандардың санына, лауазымдық қызметтеріне қарап сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында көп жұмыс атқарылып жатқанын аңғаруға болады. Бірақ жемқорлық тыйылар емес. Жалпы елдегі бұл қылмыстың түрі өзгелермен салыстырғанда қандай деңгейде?

– Сыбайлас жемқорлықпен күрес ауыр, бірақ бұл оны жеңуге болмайды деген сөз емес. Сыбайлас жемқорлықпен күрес ұзақ процесс, оған қоғамның барлық топтары жұмылдырылуы тиіс. Бұл ретте бастама төменгі жақтан шығуы керек. Әуелі өзіңді өзгерте біл, ал кейін мемлекеттен өзгерістерді талап ет. Ең алдымен адамдардың бойына ұят деген сенімді ұялату қажет. Төрт жағынан да,  қырық төрт жағынан да, бейнебақылау қойсаңыз да  пара аламын деген  адам алады. Бірақ бойында жаңағы ұят, имандылық, намыс деген асыл қасиеттері бар адам жемқорлықтан бойын аулақ ұстайтын болады.  Бабаларымыз «тәрбие тал бесіктен басталатынын» айтқан. Әр азамат ертеңгі ұрпағы темір тордың ар жағында күйініп отырғанын  қаламаса, қазірден бастап баласының бойына асыл қасиеттерді сіңіріп өсіруі тиіс. Мен өзім қырық жыл қой баққан қарапайым қойшының ұлымын. Маған әкем не үйретті? Біреудің ала жібін аттама деп  ылғи айтатын. Сондықтан менің санамда жемқорлыққа өзге де жаман әрекеттерге  қарсы иммунитет қалыптасқан.

Бұл бағытта Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де қарап отырған жоқ. Қазіргі таңда «Адал ұрпақ, еріктілер клубы»  жобамыз мектептерде жұмыс істеп жатыр. Аты айтып отырғандай көзінде оты бар, жүрегінде намысы бар ұл-қыздар сол ұйымға өздері ерікті түрде мүшелікке қабылданып, осы бойынша насихат жұмыстары, түрлі сана сезімге әсер ететін кездесулер республикалық деңгейде өтіп жатыр. Тәуелсіз «Transparency international» деген әлемдік ұйым жыл сайын дүние жүзінің 180-нен астам еліндегі сыбайлас жемқорлыққа мониторинг жүргізіп отырады.  Мәселен,  елімізде 2016 жылы сыбайлас жемқорлық 18 пайызға азайған және  сараптама нәтижесі көрсеткендей 180-нен астам мемлекеттің ішінде біздің ел 130- орынды иеленді. Ал аталмыш ұйым ұсынған 2017 жылғы  статистика бойынша еліміздің 122- орынға тұрақтағаны белгілі болды. Яғни жемқорлыққа белшесінен батқан мемлекеттердің қатарынан шықтық деп айтуға толық негіз бар.

Бір ақын  «Ішірткісін өздері беріп алып. Не үшін ішкіш дейді мені халық»-, деп айтқан екен. Сол айтпақшы халықтың өзі пара береді, кез-келген мәселесін ақша арқылы тез шешуге тырысады. Кейін барлығы жемқор болып кетті, айналамыздың бәрі коррупция деп жалаң ұран, бос айқайға салып жатады. Сондықтан біз халықты  жемқорлықтан бойын алшақ ұстауға шақырып және қарапайым өңір тұрғындарының жағдайын білу мақсатында республиканы аралап жүрміз.

 – Сізді жұрт айтыс ақыны ретінде жақсы таниды. Қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде ақиқатты батыл айтатын ақындардың бірі болдыңыз. Бүгінде мемлекеттік қызметкер ретінде шындықты басшыларға айту қаншалықты қиын?

– Жоқ, қиын емес. Мен бұған дейін де айтқанмын, қазір де айтамын. Бұдан кейін де айта беремін.  Биліктің қай дәрежесі, статусында отырсам да ешкім аузыма қақпақ бола алмайды. Болып көрген де емес. Себебі ақын деген менің туа біткен қасиетім бар. Ақын дегеніміз қоғамның айнасы. Қоғамның айнасы нені көрсетеді? Барлық кемшілігіңді де, артықшылығыңды да көрсетеді. Сондықтан шындықты айту  – менің міндетім!

 – Арман Тілектесұлы, сыбайлас жемқорлық ең жиі орын алатын саланы атап өтсеңіз?

– Негізі жемқорлық ең көп көрініс беретін сала статистика бойынша біреу емес, бірнеше. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру салаларында жемқорлық фактілері жиі тіркеледі. Ең маңызды салаларда жемқорлықтың жиі кездесуі болашағымыздың бұлыңғыр болуына әкеледі деп ойламын. Осы статистиканы айтқан сәтте бір түрлі күйде боламын. Жүрегімде мемлекеттің ақшасын жымқырғандарды жеккөрушілік сезімі оянады. Ақшаның артынан жүгіремін деп, шынайы құндылықтарды жоғалтып алған адамдарға басқа айтар сөзім жоқ!

– Ақын елдің еркесі, яғни барған жерде ел құрметіне бөленеді. Ал биліктегі шенеуніктерге қарапайым халық аса бір құрметпен қарайды деп айта алмаймыз. Керісінше көп сын айтылады. Жалпы бүгінгі қызметіңіз сізге қаншалықты абырой алып келді?

– Егер мемлекеттік қызметші айналасына көркем мінезімен танылса, онда ол әрдайым абыройлы болады. Қазақ «ұлық болсаң кішік бол»,-  деп айтады емес пе?! Яғни, кез-келген  мәселемен немесе жұмыспен келген жасы үлкен  адамға әкесіндей, анасындай, ал кішіге өзінің інісі, қарындасындай сыйластықпен қарау қажет. Барынша сыпайы қызмет көрсететін болса адам оны сыйлайды, құрметтейді. Себебі қызмет мәңгілік емес. Өмір алма кезек. Сондықтан бар ықыласыңмен адал, таза болуың керек. Сонда ғана барлық жерде абыройың үстем болады.

 

Қазір пара аулушылардың арасында кінәсін мойындап, келісімге келетіндер аз емес. Мойындау айғақтың атасы деген екен 37 жылғы НКВД-ның жендеттері. Бұған не айтасыз?

– Қазақ халқында  «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген дана сөз бар. Агенттік жемқорлықты болдырмаудың жолында жұмыс істеуі керек. Әйтпесе қарапайым халық тарапынан түрлі негативті пікірлер естіп жатырмыз. Жемқорларды ұстағанымен, келісімнен кейін босатып жіберетінін айтушылар да аз емес. Шымкентте жастар арасында өткен жемқорлық жайындағы пікірталас кезінде пара алды деп айыпталып кейін келісіммен бостандыққа шығаруға қарсылық білдіргендер де болды. Олар көзбояушылықтың қажеті не деген сынды пікірлер айтты. Әйтсе де, халық дұрыс түсінуі қажет, біз оларды ұстап жәй ғана босатып жатқан жоқпыз! Мәселен, елу мың теңгемен бір мемлекеттік қызметкер ұсталды дерлік. Жемқорды бес жылға бас бостандығынан айырдық.  Әрбір жазасын өтеушіге республикалық бюджеттен 1 миллион теңге бөлінеді екен. Яғни елу мың теңге пара алған адамға мемлекет бес жылда 5 миллион теңгесін жұмсайды. Бірақ одан кім ұтады? Біз жемқорларды  түрмеге отырғызбай керісінше жымқырған ақшасын еселеп қайтартып, мұнан соң мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырамыз. Енді жеген ақшасын желкесінен шығарған жөн бе, әлде жемқорды түрмеде ұстап оны асырауға миллиондарды жұмсаған дұрыс па? Әлбетте бізге екіншісі тиімді. Міне осы тұста халқымыз эмоцияға берілмей дұрыс  түсінгені абзал.

 

– Жоғарыда қойшының ұлы екеніңізді айттыңыз. Жасыратыны жоқ,  бүгінде қызметке тамыр-таныссыз орналаса алмайсың деген түсініктен арыла алмай келеміз. Қазіргі қызметіңіз үшін кімдерге қарыздарсыз?

–  Мен өмірімде бір ғана адамға қарыздармын. Ол – менің әкем. Әкем өзінің әкесін көрмеген, ал он үш жасында шешесінен айырылған. Үш класстық білімі ғана болған. Өзінің оқуына мүмкіндік жасайтын адам болмағанын, менің білім алуымды қалайтынын жиі айтып отырушы еді. Бала кезімде талабымды байқап, қара жұмыс істетпей, білім алуыма қолынан келгенше жағдай жасады. Кез-келген ата-ана өз баласының тағдырына жауапкершілікпен қараса, түбінде еңбегінің жемісін көреді деген ойдамын.  Мысалы еврей халқы баласына «сенен ақылды, сенен мықты адам жоқ»,- деп үнемі айтып отрады екен. Сол сөз санасына сіңген бала ақылды, мықты болып өсетіні сөзсіз. Тәрбиенің мұндай үлгі етерлік мысалы қазақ халқында да бар. Бұрындары ата-бабаларымыз  бай-қуатты, дана болды. Оның құпиясы «өркенің өскір», «бай болғыр», «тұқымың көбейгір» деген сынды рухыңды көтеретін қанатты сөздерді көп айтатынында болса керек. Ал қазір ше? «Өй, бишара», «ақымақ», «оңбаған» деп ата-аналары балаларына айтып жатады. Әрине ол балалар кейін бишара, ақымақ, топас болмағанда кім болады?  Сондықтан ата-аналары балаларына сеніп, жігерлендіріп отыруы тиіс. «Сенің тағдырыңа ел басқару бұйырған.  Сол үшін адал, әділ бола біл кез-келген жерде. Өзіңді емес халқыңды ойлай біл» деп қанаттандырып, санасына сіңірсек ол келешекте ел басқаратын тұлға болады. Менің жүрегіме үміттің отын жағып, сол отты өшірмей дем беріп отырған әкеме бас иемін..

– Арман Тілектесұлы, қазіргі кездегі қоғамдағы өзекті мәселе не деп ойлайсыз?

– Мені толғандыратын нәрсе ол адамдардың адамгершіліктен айырыла бастауы. Сен мемлекеттік қызметкер немесе қатардағы қарапайым адам бол, егер бойыңда адамдық қасиет болмаса ешкім емессің! Әдемі сөйлеп, әдемі киініп алып жоғары қызметте отыра беруге, басқа да істерді істеуге болады. Бірақ сенің ішкі жан дүниең таза болмаса барлығы бекер. Жуырда Жамбыл облысындағы іс-сапарда  аудан тұрғындарымен кездестік. Жиынға жастар көп келген екен. Көзінде оты бар, намысы ояу жастарды көріп ерекше қуандым. Себебі қазір көзінде оты жоқ адамдарды көру трагедия. Ол адамдарға ештеңе қызық емес. Өмірден әбден суынып, езіліп, шаршап жүргендер. Азанда да шаршап жүретін, түсте де шаршап жүретін, кешке де шаршап жүретін адамдарды кездестіретін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мен өз басым әр сағатымды, әр күнімді жоспарлап өткіземін.  Мақсатсыз, жауапкершіліктен жұрдай тұлғалардың қоғамда көбеюі мені көп мазалайды.

Сұхбаттасқан Дана СҮЛЕЙМЕНОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here