“Хиджаб дауы”: ондаған оқушы келесі сыныпқа көшпейді

31

Ақтөбе облысында “орамал дауы” кесірінен биылғы оқу жылында мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбеген 22 бала келесі сыныпқа көшпейді. Оқушылар ата-аналарының шағымын аудандық және облыстық соттар қанағаттандырмады. Бақылаушылар билік даулы мәселені шиеленіске жеткізбей шешуі керек дейді.

Мамырдың 22-і күні Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы Шалқар қаласының тұрғындары Ербол Тұрғанбаев пен Нұрбол Сүйіндіковтің шағымын қарап, арыз иелерінің орамал таққан қыздарын сабаққа кіргізуден бас тартқан мектеп әкімшілігінің ісін заңды деп тапқан аудандық сот шешімін күшінде қалдырды. Арыз иелері Шалқар аудандық соты 2018 жылғы ақпанның 14-інде шығарған шешіммен келіспей апелляциялық шағым түсірген болатын.

Билік елдегі “діни ахуалы аса күрделі” аймаққа жатқызатын Ақтөбе облысында оқушы қыздарының мектепке орамал тағып барғанын қалайтын ондаған ата-ана бар. Олар Қазақстан Конституциясының діни наным-сенім бостандығына кепілдік беретінін алға тартып, балаларының діни сенімге сәйкес киіну хақылары бар деп санайды. Мектеп әкімшілігі болса оқушылар сабаққа Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен белгіленген үлгідегі бірыңғай мектеп формасын киіп қатысуға міндетті деген уәж айтады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here