Әлем халқының 40 пайызы аллергиялық аурудан зардап шегеді

29

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің  қолдауымен Шымкент қаласында «Аллергологияның және пульмонологияның өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған еліміздің барлық өңірлері мен Ресей және Өзбекстаннан арнайы келген медицина саласының білікті мамандары  қатысты.

Аллергия ғасыр дертіне айналып барады. Әлем дәрігерлерін алаңдатып отырған дерт «жеті ағайынды». Өкініштісі сол, аурудың шығу этиологиясы белгісіз. Шымкенттегі «Риксос-Хадиша» қонақ үйінде өткен  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция осы мәселеге арналды.   Конференцияда ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығына тоқталды. Өңірдің бас дәрігері «соңғы жылдары аурудың бұл түріне шалдыққан азаматтардың күрт артуына байланысты, халықаралық деңгейдегі мұндай жиынды тұрақты түрде өткізіп тұрудың пайдасы мол» екенін атап өтті.

Әлем халқының 40 пайызы аллергиялық аурулардан зардап шегеді екен. Бірақ, кеселдің бұл түріне бей-жай қараудың салдарынан, дерт дендеп барады. Мәселен, астманы алайық. Егер қандай да бір иіс жақпаса, бронхтардың бәрі жабылып қалады. Тұншығу ұстамасы аллергиялық астмаға айналады. Бұл ауру жыл өткен сайын қаһарына мінуде. Конференцияға қатысқан мамандар осы жәйтке алаңдаулы екендерін білдірді. Балқарағай – жапондықтардың «жауы». Ал украиналықтар каштан гүлдегенде тыныс алудан қиналады. «Ортаазиялықтар жусанның исіне жатырқайды» дегенге кім сенер?! Бірақ, шындығы сол.  Біреулер шие ағашы,  енді біреулер хош иісті акация гүлдегенде аллергияға шалдығады. Бұл – әлемдік денсаулық сақтау ұйымының жүргізген зерттеулері.

«Аллергия – ХХІ ғасыр ауруы. Көп ретте стресс, экологиялық ахуал, дұрыс тамақтанбау аталған дерттің пайда болуына жағдай туғызады. Өкінішке қарай, оған науқастардың жеңіл қарауынан ауру асқынып кетіп жатады. Күн сайын бұл кеселмен ауыратындар саны көбейіп отыр. Әртүрлі қоспалары мен зиян ингредиенттері бар тағамдар да аллергия туғызуы мүмкін. Сондықтан, ас-суды абайлап, тұтыну қажет»,-дейді Өзбекстан медицина ғылымының докторы Мамлакат Рустамова.

Қазақ Ұлттық медицина университетінің аллергология және иммунология кафедрасының меңгерушісі Жанат Испаеваның айтуынша, Оңтүстік өңірде дәрілерге аллергия, лоелла,  инфекциялық және тері аурулары кең тараған болса, солтүстік өңірлерлерде астма және бронхтық аурулар жиі кездеседі. «Бүгінгі конференция республиканың аллерголог дәрігерлеріне білімін арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Тағы бір мәселе ол Кеңес заманында бұл дерт аз болған. Неге? Өйткені ол кездері шетелден келетін азық-түлік, әртүрлі тұрмыстық қолданыстағы заттар жоққа тән болатын. Табиғи таза тағамдар мол еді. Ал, қазір құрамында улы заттар бар жеміс-жидектер көп. Жемістерге пестицидтерді көп егеді. 90-шы жылдары сөрелерден құнарлы тағамдар жым-жылас жоғалып кеткенде қытайлық азық-түліктер орнын басып үлгерді. Арада аз уақтыт өтпей ақ түрлі аурулар өршіп кетті»,- дейді Жанат Испаева.

Облыс орталығында аллергоорталықтың ашылуына 40 жыл толуына орайластырылған шара «АллергоЮг» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. Соңғы жылдары аллергиялық аурулардың күрт өсуіне байланысты алыс-жақын шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу мақсатында ауқымды іс шаралар ұйымдастыру қажеттілігі туындаған. Осы орайда конференцияның көмегімен терапевттер, жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен аллергологтардың, пульмонологтардың арасындағы өзара байланыс күшейеді, деп күтілуде. Соның арқасында мамандардың біліктілігі артып, халыққа көрсетілетін медициналық көмек сапасының жоғарылауына алып келері сөзсіз.

Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасының «Аллергология бөлімшесі» 60 төсек – орынға арналып, 1978 жылы «Фосфор ауруханасының» құрамында ашылған. Әзірге бұл ОҚО бойынша жалғыз бөлімше. Бір жыл көлемінде бөлімшеде 2400-2600 науқас ем алып шығады, оның 65 пайызын бронхтық астмамен ауратын науқастар құрайды. ШҚКА-ның қабылдау бөліміне тәулігіне жедел есекжеммен 15-20 науқас, бронхтық астма ұстамасымен 10 шақты науқас келіп қаралады. Санавиация желісі бойынша бір жыл көлемінде облыс бойынша 30-ға жуық, қала бойынша перзентханаларды қосқанда 200 – ге жуық шақыртуларға қызмет көрсетіледі.

«Аллергиялық аурулар өзекті аурулар қатарына жатқызылмағандықтан, оған аса мән беріле бермейді. Оның үстіне аллергияға шалдыққан азаматтар өздігінен ем қабылдауды әдетке айналдырып алады. Осыдан келіп аурудың бұл түрімен ауыратын науқастардың саны аз деген көрсеткіштер пайда болады. Іс-шара аралас қызметті дәрігерлерді жинауды, оларға аллергология мен пульмонологияның жан – жақты жетістіктерін жеткізуді көздейді. Еліміздің әртүрлі аймақтарынан және өзге елдерден келетін әріптестермен тәжірибе алмасу мүмкіндігін, аллергиялық ауруларға қатысты емдеуді мейлінше жоғары дәрежеге жеткізуді мақсат етіп отыр», – дейді Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Рамазан Бектұрғанов.

 

 Дана СУЛЕЙМЕНОВА, “Рейтинг” газеті, 2018 жыл.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here