Түркістан облысының Шардара ауданын ауыз сумен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға жасаған жұмыс сапары барысында айтты.
Облыс басшысы Шардара ауданына жасаған іс сапарында жергілікті тұрғындармен кездесті. Жүздесу барысында Өмірзақ Естайұлы ақсақалдардың ақыл-кеңесін тыңдап, өзекті мәселелер төңірегінде әңгімелесті.
Облыс әкімі Шардараны сапалы ауыз сумен қамту мәселесі түбегейлі шешілетінін жеткізді. Ол үшін қаладан 34 шақырым қашықтықта, құмның ішінде орналасқан су қоры жеткілікті «Тастанбек» жер асты суын жеткізу қолға алынбақ. Осыған байланысты осыдан жарты жыл бұрын Шардара ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі жұмыс жобасын әзірлеу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Жобаны әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 30 млн теңге қаржы қаралды. Су сапасы сан мәрте сынақтан өткен. Жаңа жобаны жыл соңына дейін бастап, келер жылы толық жүзеге асыру көзделген. Жер асты суларын жеткізу арқылы жылдар бойы созылған мәселе біржола шешіледі. Ендігі кезекте республикалық бюджеттен қаржыландыру қажет.
Сонымен қатар, өңір басшысы аудан орталығы Шардара шаһарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту, ішкі жолдарды жөндеу, спорт алаңдары мен балаларға арналған ойын алаңшаларын орнатып, абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.
Шардара қаласында жылдар бойы жөндеу көрмеген 70-ке жуық көпқабатты тұрғын үй жаңартылып, Төле би көшесіндегі желілік саябақ абаттандырылуда. Онда 300 жарықшамдар орнатылып, ағаш көшеттері отырғызылған. Субұрқақтар қойылып, газон егілген.