Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт бастаған Түлкібас ауданы әкімдігінің қызметкерлері ұжымдық имунитет қалыптастыру мақсатында коронавирус инфекциясына қарсы екпенің екінші компонентін салдыруды бастады. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде Түлкібас ауданында 13 екпе пунктерінде 18705 аудан тұрғыны екпенің 1-ші компонентін, 9285 азамат 2-ші компонентін егкізген. Жалпы аудан тұрғындарына ресейлік «Спутник-V», отандық «QazVac», Біріккен арап әмірлігінің «Hayat Vax» және Қытай елінің «КороноВак» екпелері егілуде.
Айта кетейік, егу науқаны басталғалы бері Түркістан облысында 310 448 адам вакцина салдыруға ниет білдірген. Екінші компонентпен 136 286 адам қабылдаған. Бүгінде өңір тұрғындары Спутник-V, QazVac мен Hayat-Vax вакциналарын қабылдай алады. Қазір облыс аумағында 128 екпе қабылдау пункттері жұмыс істейді. Сондай-ақ, бүгінге дейін 765 978 ПТР сынамасы алынған. Ал, соңғы тәулікте зертханаларда 2503 адам тексерілді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцина салу тек адамның келісімімен ғана жүзеге асады. Вакцинадан бас тартқандар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екпе егердің алдында сіз арнайы параққа қол қою арқылы вакцинадан бас тартып немесе салдыруға келісім бересіз.