Бүгінгі таңда мемлекетте шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Осындай тиімді бағдарламалардың бірі - «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама аясында үшінші мегаполисте инновациялық жобаларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурс отырысы өтуде.
Бағдарлама шеңберінде 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы беріледі дейді салаға жауаптылар. Мамандардың мәліметінше 7 маусым мен 18 маусым аралағында жалпы 205 өтінім түсті. Түскен өтінім жобалары 3 жұмыс күнінде қаралып, тыңдалатын болады.
Айта кетсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкент қаласында 2 441 млн теңге сомасына 494 жобаға көмек көрсетілген, оның ішінде: 1) банктік несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 1578,3 млн теңге сомасына 218 жобаға қолдау көрсетілді. 2) банк кредиттеріне ішінара кепілдік беру бойынша 572,8 млн теңге сомасына 209 жобаға қолдау көрсетілді. 3) мемлекеттік гранттар беру бойынша 289,9 млн теңге сомасына 67 жоба қолдау тапқан.
Еске сала кетейік, бағдарламаның мақсаты экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады.